Жауапсыз мердігерлер жазаға тартылады

«Көлік министрлігі құрылса, өңіріміздегі тоз-тозы шыққан жолдар тезірек жөнделер еді».

Абай облысының экономист-сарапшылары осындай үмітте. Себебі, аймақта құрылысы тым ұзаққа созылып, халықты әуре-сарсаңға салып отырған жолдардың саны аз емес. Мәселен, «Омбы-Майқапшағай» халықаралық тас жолының құрылысы 2017 жылы басталғанымен әлі аяқталмаған. «Өскемен-Талдықорған» жолы да дәл осындай күйде. Президент халыққа арнаған Жолдауында жауапсыз мердігерлерді қатаң жазалауды, жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Облыста 2 мың шақырымнан астам жол жөндеуді қажет етеді. Оның дені аудандық және облыстық маңызға ие. Биыл өңірдегі 235 шақырым жол алғаш рет асфальтталып жатыр. Аймақтағы маңызды бағыттардағы жолдарды жаңғыртуға 25 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.  

Асылбек Нұғманов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Облыстық маңызы бар жолдарды айта кетсек, 107 шақырымға орташа жөндеуге 4,5 миллиард қаражат бөлінді. Бородулиха ауданында, Бесқарағай, Абай, Үржар аудандарында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аудандық жолдарға келсек, 5,4 миллиард қаражат бөлінді. 8 ауданда орташа жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Биболат Қуантхан, экономист:
- Абай облысы бойынша бұл бізге тиімді сала. Себебі Абай облысының бюджетіне де көп қаражат түсіруге мүмкіндік береді. Мұндағы негізгі мәселе «Аягөз-Бақты» теміржолын қарқынды жүргізу. Оларды салу. Және бізде білесіздер жол құрылысы баяу жүріп жатыр. Осы салаларға байланысты түбегейлі өзгеріс жасау үшін жаңа министрлік құрылып жатыр. Сондықтан біз болашақта жаңа министрліктен осы салада үлкен, қарқынды нәтиже күтеміз.