ҚТЖ қызметкерлері үшін жылжымалы баспаналар салады

Теміржол бойындағы жұмысшыларға қолайлы жағдай.

Болашақта еліміздегі шалғай бекеттер мен айырықтарда жол жөндеушілерге арналған жылжымалы блокты ғимараттар орнатылады. Аталған құрылымдар еліміздегі зауыттарда шығарылады.

«Қазақстан теміржолы» - елдегі теміржол магистралін реттейтін ең ірі оператор.

Қарамағында 16 мың шақырымнан астам жол бар. Шойын жолды сапарға сай күтімде ұстау, оңай шаруа емес. Бұл жерде жүздеген адамның тынымсыз төккен тері, еңбегі жатыр. Жолды жөндеу, жаңарту, ауыстыру – теміржолшылардың арқасы. Сондықтан алдағы уақытта шалғайдағы айырықтар мен бекеттерде осы азаматтар үшін жылжымалы блокты ғимараттар ашылады.

Сабыржан Сағынбаев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистраль желісі дирекциясы» филиалының өкілі:

- Бұл жылжымалы блокты ғимараттар алыс разъездерге, арналған кенттері жоқ станцияларда орнатылатын болады. Жылжымалы блокты ғимараттар ішінде яғни керекті құрал-жабдықтар мен арнайы жатын орын жабдықтары және ыдыс аяқтармен қамтамасыз етілетін болады.

Жылы да жайлы шағын үйлер бастан аяқ зауытта жинақталады. Ел бойынша шалғайда тұрған айырықтар саны 800-ден асса, шығыстағы екі облыста 70-тен асады.

Әлібек Шуманов, Семей бөлімшесі Защита аумағы магистральдық теміржол желісі директорының орынбасары:

- Фестивальная, Рулиха сияқты бекеттерге арнап осындай жайлы үйлерге тапсырыс беріп отырмыз. Неге десеңіздер, аталған бекеттер алыста, тіпті ол жақта қазір ешкім тұрмайды. Қыста жету қиын. Сонда да біздің жұмысшылар сонда барып, жұмыс істейді, жөндейді.

Қақаған аяз да, қапырық ыстық та теміржол бойындағы жұмысқа тосқауыл емес. Міндет – жолаушылардың діттеген жеріне уақтылы әрі аман жетуін қамтамасыз ету. Сондықтан қызметкерлер қолдауға лайық. "Қазақстан теміржолы" өз еңбеккерлері үшін 500-ден аса жылжымалы блокты ғимарат жасатпақ.