Жол мәселесі ауыл тұрғындарының араласуымен шешілді

Абай облысындағы Бүркітов ауылына кіреберіс жолға асфальт төселе бастады.

30 жылдай ойқы-шойқы болып жатқан жолдың мәселесін жергілікті жұрт көтерді.

Олардың Үкіметке жазған хатында Бородулиха ауданы мен облыс орталығы арасында барыс-келіс қиын екені айтылған. Міне, осыдан соң проблемаға қозғау салынып, жөндеу жұмыстары қолға алынды.

Шекара шебіндегі Бүркітов ауылының тұрғындары ауылға кіреберістегі жолды «өмір жолы» деп атайды. Себебі ауданға және облыс орталығына қатынап, азық-түлік, дәрі-дәрмек сынды қажеттіліктердің бәрі осы жолмен жеткізіледі.

Екатерина Брова, Бүркітов ауылының тұрғыны:

- Жолмен жүру мүмкін емес еді. 15-20 минут жүретін аралықты бір сағаттан аса әрең өтетінбіз. Енді міне асфальт төселіп, жөнделіп жатқанына қуаныштымыз.

Ауылдағы ең өзекті мәселені тұрғындар жұрт болып жұмыла көтерді. Бастапқыда жергілікті атқарушы органдарға жүгінген. Бірақ одан еш нәтиже шықпаған. Әрі қарай бастамашы топ бас қалаға барып шағымданды. 

Наталья Старожилова, Бүркітов ауылының тұрғыны:

- Біздің проблемамызды еститін, әрі оны шешіп беретін мемлекет бар екеніне көз жеткіздік. Қазір жолымыз орташа жөндеуден өтіп жатыр. Ендігі мақсатымыз – жол сапасын және жұмыстың уақытылы аяқталуын қадағалап, күтіп ұстау болып тұр.

23 шақырым жолды жөндеуге мемлекеттен 1 млрд-қа жуық теңге бөлінді. Құрылыс кестеге сай жүріп жатыр, дейді жауаптылар.

Елдар Қоңырбаев, Бородулиха аудандық ТҮКШ бөлім басшысы:

- Маусым айында жұмыс басталды. Қазір аталған аралықтың соңғы бөлігі жасалып жатыр. Мердігер мекеме құрылысты уақытылы аяқтаса, қабылдап аламыз.

Осы өңірдегі Новопокров-Белағаш және Бородулиха-Жернов бағытындағы жолды да жөндеу қажет. Жергілікті әкімдік 50 шақырымға асфальт төсеу үшін 2 млрд теңге қажет деп отыр. 

Шыңғыс Қалиден, Әсем Өтешова, Медет Өмірханов, «Хабар 24», Абай облысы