Түркістан облысында құнды жәдігерлер табылды

Түркістан облысында Қаңлы кезеңіне жататын тастан жасалған ғибадатхананы зерттеу жұмысы қайта жанданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

2 мың жылдан астам тарихы бар киелі нысанда жүргізілетін жұмыстар барысында сол дәуірдің мәдениетін анықтауға баса мән берілмек. Қазірдің өзінде бұл жерден жәдігерлер табылып жатыр.

Қызылкөл көлінің маңындағы ежелгі ғибадатхананы зерттеу өткен жылы басталған болатын. Нәтижесінде тастан өрілген ерекше сәулет өнері анықталды. Археологтардың айтуынша, мұндай құбылысты елдің оңтүстік өңірінен табу қиын. Үлкен пішіндегі тастан атқа артылып, алыстан жеткізілген болуы керек деген тұжырымға келді. Былтыр ғибадатхананың үстіңгі қабаты ашылса, қазір тереңірек зеттеу жүріп жатыр.

Киелі нысанға негізінен тас қолданылған. Ғалымдардың айтуынша, мұндай құбылыс елдің археология ғылымында алғаш рет кездесіп отыр. Ал терең етіп қазу барысында жерлеу орындары мен асық, айна, және қоладан жасалған өзге де бұйымдар табылды. 

Александр Подушкин, профессор:

- Біздің тапқан жәдігерлеріміз, жүргізіп жатқан зерттеу жұмысымыз Қаңлы мемлекетіндегі ежелгі діни наным-сенімдері туралы білуге бағытталған. Шамамен 2 мың жыл бұрын зороастризм дініне табынғанын байқауға болады.

Қыштан жасалған бұйымдардың да табылуы зеттерушілердің назарын аударып отыр. Арасында тұрмыстық заттар мен кішкентай пішіндегі ыдыстар да бар. Әсіресе аң үлгісінде жасалған сақина зерттеушілердің қызығушылығын тудырды. Ол 2 мың жылдан астам уақыт бұрын дін өкіліне тиесілі болған екен. Жалпы бұл маңда бірқатар археологиялық маңызды ескерткіштердің бары анықталған. Мамандар «Қызылкөл 1» қорымынан анықталған тұрмыстық бұйымдардың өте маңызды екенін айтады.

Игорь Андреенко, ғылыми қызметкер:

- Мынау – түрлі рәсімдерді жүргізуге арналған бұйым. Бұдан шыққан дыбыстан қазақ даласына өткен кезеңнің үні естілгендей әсер аласың. Міне, 2 мың жыл бұрынғы дыбысы осындай болған.

Археологиялық қазба жұмыстары әрі қарай жалғасатын болады. Себебі ғылыми құндылығынан өзге, әлеумет үшін маңызы да зор. Бастысы, қазақтардың ата-бабасының тағы бір тарихи кезеңі ашылды. Ал табылған құнды жәдігерлер кейін музей қорына тапсырылатын болады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Катерина Попкова, Самат Нағашбекулы.