Түркістан облысындағы ауыл жолдарын жөндеуге ₸30 млрд қаралды

Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Түркістан облысындағы елді мекендердің ішкі жолдарын жөндеуге 11 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір ұзындығы 300 шақырымнан асатын жолдарға асфальт төселіп жатыр. Жобаға Ордабасы ауданынан 5 елді мекен кірген.

Төрткүл ауылдық округіне қарасты Спатаев елді мекенінде 250 үй, 2 мыңға жуық халық тұрады. Осы уақытқа дейін ішкі көшелерге мүлдем асфальт жабындысы төселмеген. Ауыл тұрғындары «көктем мен күзде жолымыз ми батпаққа айналып, жүре алмай қалатынбыз» дейді.

Қойшыбай Құлынбайұлы, Спатаев елді мекенінің тұрғыны:

- Ауылымызға мейман келмей қалатын. Өйткені резеңке етік алып шығамыз үлкен жолға. Соны кигізіп, үйге апарамыз. Ал енді қазір, құдайға шүкір. Қандай әдемі жол салып жатыр. Рақмет балаларға! Күндіз-түні тынбай жұмыс істеп жатыр.

Қыдырбай Қорғанбаев, Спатаев елді мекенінің тұрғыны:

- Бұрын асфальт болмаған. Бірнеше жыл жол азабын көрдік. Енді немерелерге жақсы болатын болды. Оқуға таза барып, таза келеді. Сапалы істеп жатыр. Жақсы таптап, қалыңдығы да көңілден шығады.

Қазір «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Төрткүл ауылдық округіне қарасты Қызылжар, Көкарал, Еңбекші және Спатаев елді мекендерінде жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал аудан бойынша 5 ауылдық округте ұзындығы 30 шақырымнан асатын ішкі көшелер орташа жөндеуден өтіп жатыр. Жоба құны – 672 млн теңге. Мамандар бұл жұмыстар осы айдың соңында аяқталатынын айтады. Сол кезде ауылдардағы жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 50%-ке жетпек.

Азат Оралбаев, Ордабасы ауданының әкімі:

- Одан бөлек, аудандық бюджеттен 1 млрд-қа жуық қаржы қаралды ішкі жолдарды орташа жөндеуден өткізуге. Ол бағытта да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бізде ең өзекті мәселе – Шұбарсу ауылы. Қазір халық саны 40 мыңнан асады. Жолы – 288 шақырым. Биыл 50 шақырымына тас төсейміз, асфальттау бар. 2025 жылға дейін 80%-ке жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Биыл Түркістан облысындағы елді мекендердің ішкі жолын жөндеуге 30 млрд теңге қаралды. Оның 2,9-ы республикалық, 3,2-сі облыстық, 11-і «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында және 12,7 млрд теңгесі аудандық бюджеттен бөлінген. Бұл қаражатқа ұзындығы мың шақырымнан асатын 630 көше жөнделеді деп жоспарланып отыр. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.