Жезқазғанда елгі үлгі болған металлургтер әулеті тұрады

Жезқазғанда әр отбасының кемінде бір мүшесі өндіріс саласында тер төгіп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ әулетімен металлург отбасылардың орны тіптен бөлек. Солардың қатарында өмірлері өндіріспен сабақтас Доспановтар династиясы ерекше. Бұл әулетте бір атадан тараған 11 баланың бәрі өндірісте жұмыс істейді. Олардың жалпы еңбек өтілі 350 жылға жуық.

Бұл – Доспановтар жанұясының қара шаңырағы. Төрде ілулі суреттегі қария – КСРО-ның құрметті металлургі Қойшыбек Доспанов. Металлургтер династиясының тарихы сол ақсақалдан басталады. Әуелі бауырлары, кейін балалары шетінен өндіріс саласын таңдады. 

Әбдірашит Доспанов, металлург:

- Сол ең алғаш жұмысқа кіргенде әкемізге қызығып, оқу бітіргеннен кейін жұмысқа барамыз деп зауытқа тұрып, электропеш бөлімшесіне тұрдым, қиын, әрине, жеңіл екен ғой, дегенмен барып істегенде қиын, бір жеті жүріп, ертең шығам деп жүргенде 40 жылдай боп қалды. Істегеніміз, сол қиын, ыстық, газы бар, шаңы бар дейсің.

Доспановтар отбасындағы тәлім-тәрбиенің негізі – еңбекқор ұрпақ қалыптастыру. Әулеттің үлкені Әбдірашит «еңбек түбі – береке» екенін тек сөзбен емес, іспен де дәлелдеп үлгі болып келеді. Соңынан ерген бауырлары да қазір өндіріс озаттарының қатарында.

Рахымжан Доспанов, Ә. Доспановтың інісі:

- Мен осында 1995 жылы келіп тұрдым, Нұрлан деген ағам «крановщик» болды, сол тұрғызды келіп, содан бері әлі осы онот бөлімшесінде аға разливщик болып істеп жатырмын. Әкем де осы пеште істеген, ағаларымның арттарынан үлгі алып, келе жатырмын.

Зауыттағы жұмыстың қаупі мен қиындығы бесенеден белгілі. Десе де ата кәсіпті жалғаған ұрпақтың таңдауы – металлургия. «Бұл қызмет адамды шыдамды, төзімді, мықты болуға үйретеді», - дейді олар. 

Ескендір Зейнеқабыл, Ә. Доспановтың жиені:

- Әбдірашит көкеге жиен болам, көке істегеніне 40 жыл болды, атам да істеген, ой, болады ғой зауытқа келіп, жұмыс істеймін деген, келешекте үлкен-үлкен қырлардан шығам деп ойлаймын. Көкеме қарап, үлгі тұтып, осы жақта жұмыс істеп көрдім, жақсы. Балқыту цехында көкелерім істейді, мен осы онот бөлімшесінде істеймін. Рахымжан көке – машинист, ол тікелей мысты құяды, ал мен мына жүріп, шыққан мысты өңдеймін.

Қазір Доспановтар әулетіндегі 11 баладан 28 немере, 26 шөбере, 1 шөпшек тараған. Әулеттің үлкені Әбдірашит Доспанов жұбайы Бибігүлмен 3 қыз, 6 немере сүйіп отыр. Шаттық пен берекеге толы шаңырақта бауырлары жиі бас қосып тұрады.

Бибігүл Доспанова, Ә. Доспановтың жұбайы:

- Отбасының құндылығы бала тәрбиесі ғой, адалдыққа, тәрбиелілікке, салауатты өмір салтын қолданып, дұрыс тамақтануды қадағалаймыз. Денсаулықтан кейін маңыздысы – бала тәрбиесі. Қоршаған ортада қалай ұстау, соған балаларымызды тәрбиелейміз.

Жалын жұтып, мыс бұлағын ағызған металлургтер әулеті биылғы аймақтық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанды. Өзара сыйластық пен жарасым салтанат құрған жанұя енді республикалық кезеңде облыс атынан сынға түседі. 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Гүлшаһира Серекбаева.