«Сен ар жақта, Алматы, мен бер жақта». Саяжайдың суға кеткен көпірі

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Азат саяжайының тұрғындары апатты көпірді қолданып отыр.

Бетон мен ағаштан құрастырылған көпір арқылы үлкендер жұмысқа барса, балалар мектепке қатынайды.

8 тамызда сел жүріп, Талғар өзенінің ернеуін жырып, көпірді шайып кеткен. Қажеттілік болған соң, тұрғындар тақтай қойып, көпірді қайтадан өз күштерімен жөндеп алған.

Азат саяжайының тұрғындары мына көпірді өркениетке апарар жол дейді. Себебі, осы Талғар өзенін кесіп өтіп, олар Алматыға апаратын негізгі жолға шығады. Одан бөлек саяжайдың балалары мына тұрған Кеңдала ауылындағы мектепке қатынап оқиды. Төте жол қауіпті болса да қажеттілік,-дейді тұрғындар. Қазір өзеннің ағысы қатты. Ал жаңбыр жауса, одан да күшейіп, сел жүріп, көпірді бірнеше рет ағызып әкеткен екен. Су деңгейі төмендеген соң тұрғындар өз күшімен жөндеп қойған.

Осы маңда Еңбекшіқазақ ауданына қарасты 18 саяжай кооперативі бар. Бес мыңға жуық халық тұрады. Айналма жол үш шақырымдай жерде болған соң, тұрғындар көпірді өздері жасап алған. Оны кім, қашан тұрғызғаны белгісіз. Бірақ, оқшау жатқан саяжай халқы үшін көпірдің маңызы басым.

Әділхан Мәмбетов, саяжай тұрғыны:

- Бес-алты жылдан бері осы мына көпір проблема, жол, мектеп жұмысқа бару қиын. Жұмысқа қатынау қиын мына жерде, қазір ағаштан жасап қойыпты уақытша, үкімет көмектесеміз деді, қашан көмектеседі білмейміз ғой.

Көпірді халық өз еркімен салып алған соң, еш жерде тіркелмеген, ауданның балансында жоқ. Бұл – күрделі жөндеу жасап, қайта қолданысқа беруге басты кедергі, - дейді жергілікті билік. Бірақ төтенше жағдайдан соң тиісті мекеме мамандары келіп, жағдайды өз көздерімен көрген. Мәселенің шешімі қаражатқа келіп тіреледі.

Қайсар Бөгісбаев, Рахат ауылдық округінің әкімі:

- Аудан әкімшілігінен бюджеттік өтінім беріліп қойды, облысқа. Бірақ қалай болатыны белгісіз, себебі, бұл көпір ешқандай жерде есепте жоқ болып тұр. Адамдардың бәріне айтып, түсіндіріп жатырмыз. Қауіпсіздік үшін бұл көпірді қолданбауын, өтпеуін сұрап. Қаражат бөлінген жағдайда көпір салынады. Қаражат бөлу облыс құзырында.

Саяжайды саялағандардың бұдан басқа да тілектері бар. Жол жасалмаған, электр энергиясы әлсіз, газ жоқ, көшелерге жарық орнатылмаған. Тұрғындар ең болмаса, балаларды мектепке таситын автобус мәселесін шешіп берсе,-дейді.

Гүлмира Қырғызбаева , саяжай тұрғыны:

- Балаларымыз 6-мектепке сабаққа барады. Біз балаларды мектепке жеткізу үшін жеке автобус жалдап, сонымен жеткіземіз. Айына 6 мың, екі балама төлей аламын, 3-4 баласы барлар төлей алмайды. Бір балаға 6 мың.

Бұл Алматыға жақын аудандардың аумағындағы саяжайлардың көбіне тән көрініс. Инфрақұрылымнан ада бұл жерлерде мектеп пен аурухана, емхананың тапшылығын қосыңыз. Бұл мәселеден жергілікті әкімдіктің хабары бола тұра, шешім қабылдауда дәрменсіз. Себебі, саяжайларға елдімекен статусы берілмеген.

Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов, «Хабар 24» Алматы облысы.