Президент Жолдауы шетелдік БАҚ беттерінде жарық көрді

«Modern Dіplomacy» халықаралық медиа-порталында халықаралық қаржы және саясат сарапшысы Люк Родехеффердің биылғы президент жолдауына талдау жасаған мақаласы жарияланды.

Ол ел экономикасына қатысты жаңа реформалар жөнінде жан-жақты пікір білдірген.

Сарапшы жолға қойылған жоспарларды жіктей отырып, экономикалық реформалардың Қазақстан мен өзге елдер арасындағы саяси-экономикалық  байланысты арттыратын оң бастама екенін атап өтті.

Графика: Modern Diplomacy

«Президенттің 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 450 миллиард долларға дейін екі есеге арттыру үшін тұрақты экономикалық өсуге 6-7 пайызға бағдарлануы – өр мақсат, алайда шетелдік инвесторлар мұқият қарайтын тағы бір негізгі көрсеткіш – макроэкономикалық тұрақтылыққа бейілділікті көрсетеді. Бұдан бөлек, корпоративтік несиелендірудің жеткіліксіздігі мәселесін шешу және экономикалық айналымдағы банк активтерін 5 миллиард долларға «жеткізу» туралы ұсыныс – инвесторларға нарықтағы өтімділікті арттыруда оңтайлы қадам. 

Қазақстан - ірі транзитті мемлекет. Биыл Еуропа мен Азияны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізін дамытуда да келелі істерді жүзеге асыру көзделіп отыр. Сарапшы өз мақаласында осындай экономикадағы тармақтарды тізе келіп, экологиялық шиеленістерді шешуге бағытталған жобаларға да оң көзқарас білдіреді.

Графика: Modern Diplomacy

Қазақстанның экологиялық мәселелерді шешуге ұмтылысы өте маңызды. Жаңа энергия көздеріне басымдық беріп, жалпыұлттық референдумның көмегімен атом электр станциясын салу мүмкіндігін пайдаланып, Қазақстан тұрақты технологияларға ауқымды инвестициялар салуға жол ашады. Жаһандық тұрақтылық тенденциясын және инвестициялау мүмкіндіктерін іздейтін «жасыл» қорлардың көбеюін ескерсек, бұл – дұрыс қадам.

Президент 2026 жылға қарай IT технологиялары эскпортын 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Люк Родехеффердің пайымынша бұл технология саласына серпін берері сөзсіз.