Теміртау қаласындағы қараусыз қалған саябақ қалпына келтірілді

«Шаңырақ» орталығының еріктілері мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қызметкерлері екі ай бойы абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, тоғайдың арасын күл-қоқыстан аршыған.

Қазір «Еңбек даңқы» саябағы ел тынығатын көрікті орынға айналды.

«Еңбек даңқы» саябағының ерекшілігі - мұнда металл өндірісінде қолданылатын түрлі құрал-жабдық қойылған. Ашық аспан астындағы мұражай десе болады. Алайда кейінгі бірнеше жыл қараусыз қалып, тоз-тозы шаққан. Биыл компанияның бастамасымен түгел қалпына келтірілді.

Денис Ломакин "АрселорМиттал Теміртау" АҚ өндіріс жөніндегі директордың м.а:

- Бірінші кезекте біз саябақты күл-қоқыстан тазарттық. Енді мұндағы жәдегерлерді жақын келіп тамашалауға болады. Соның бірі мына шойынды сұйық күйінде тасымалдауға арналған үлкен шөміш. Сондай-ақ қаулап өскен арамшөпті қырқып, маңайды ретке келтірдік. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасады.

Еңбек жасағы екі жарым айда 500 қап қоқыс шығарған. Бұл шамамен жүз көлікке тең. Еріктілер жаз бойы демалыссыз жұмыс істеп, бүгін қорытындылады. Көпшілігі мұндай қоғамдық еңбекке алғаш рет қатысқан.   

Даниил Стряпшев, Теміртау қаласының тұрғыны:

- Қаламыздың көркеюіне аз да болса үлес қосқаныма мақтанамын. Әрі бұл біз үшін табыс көзі. Еңбекке үйренеміз.

Әмір Асқатов, Теміртау қаласының тұрғыны:

- Саябақ ішіндегі бей-берекет шашылған тұрмыстық қалдықтарға қарап қынжыласың. Табиғатқа қаншама зиян келтіріп жатырмыз. Күтіп ұстасақ өзімізге жақсы ғой, жаның сая табатын көрікті орын.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы мен «Шаңырақ» волонтерлер орталығы жыл басында өзара ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойған. Сол құжат бойынша 30-ға жуық жеткіншек жаз бойы еңбек етті. Игі жұмыс келер жылы да жалғасады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар