«Қобыз терапиясы» қолданысқа енді

Музыка терапиясы медитацияны алмастырады.

Ақмола облысының ақхалаттылары психологтың қабылдауында қобыз үнін қолдана бастады. Ұлттық аспаппен ойнаған әуендер жанға жайлылық сыйлап, күйзелістен шығуға көмектеседі дейді мамандар.

Қобыз туралы айтқанда көз алдыңа Қорқыт ата келеді. 4 мың жылдық тарихы бар бұл аспаптың қазақ үшін қадірі бөлек. Байырғы заманнан қасиетті деп саналған қобыздың үні бүгінде медициналық мақсатта қолданыла бастады. Қосшы қалалық емханасының мамандары психологиялық көмек аясында «Қобыз терапиясын» іске қосты.

Балжан Қанапияева, №1 Қосшы қалалық емханасының психологы:

- Қобыз терапиясының пайдалы тұсы. Бұл 18 жастан асқан ересектерге ғана қолданылады. Яғни психикалық жүйке жүйесі ауыр науқастарға қолдануға болмайды. Бірінші эндокриндік ауруларға, гинекологиялық ауруларға, инфаркт ауруларына және созылмалы ауруларға қолдануға болады.

Медицицналық мекемеде 10 адам қобыз терапиясынан өткен.  Ем алғандардың қазіргі жағдайы жақсы дейді мамандар. Психологтың айтуынша, қобыздың қоңыр үні күйзелісте жүрген талай жанға шипа болды.

Татьяна Бишораева, №1 Қосшы қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- «Қобыз терапиясы» музыкалық терапияның бір бөлігі. Біз мұнда қазақ халқынық ұлттық колоритіне сай әйуендерді  пайдаланамыз. Психологиялық көмек аясында жүргізілетін бұл әдіс аутагендік  жаттығуларға жатады. Бізде «Қобыз терапиясы» биыл сәуір айынан бастап жекелеген жағдайларда қолданылады және нәтижесі жақсы.

Алдағы уақытта емхана мамандары 60 жастан асқандарға топтық кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Күндізгі стационарда ата әжелерге арнап тренингтер мен ойындар ұйымдастыруды көздейді. Бұл альцгеймер ауруының алдын алу аясында жүргізілмек.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Асхат Қарақойшиев, Мұрат Әріпханов, Жания Қарашолақова