Елде жаңа автокөліктерге сұраныс көп

Қазақстанның Автокөлік Одағы берген мәлімет бойынша тамыз айында елде 18 мыңнан астам жаңа автомобиль сатылған.

Осылайша көлік саудасы өзіндік рекордты жаңартып отыр. Бұл отандық авторитейл тарихындағы ең жақсы көрсеткіш.

Нарық әлемдік дағдарыстан соң жанданып, дилерлік орталықтар танымал автобрендтердің көліктерімен толықты. Қазақстанның Автокөлік Одағы сарапшыларының айтуынша сатылым модельдер санының, әсіресе бюджеттік автомобильдер қатарының артуымен байланысты. Қазақстандықтар жаңа модельдердің технологиясы мен сапасын жақсы бағалап, түрлі қаржылық бағдарламаларды қолданған. Қазақстанның Автокөлік Одағы автомобиль мен авто бөлшектерді локолизациялауға ерекше мән беріп отыр.

Анар Мақашева, Қазақстанның Автокөлік одағының президенті:

Қазақстанда шынайы автомобиль өндірісін қалыптастыру үшін біз елімізде автокомпоненттерді көп шығаруға ден қоямыз. Біз Қазақстанда автомобиль арзандау үшін барлық жігерімізді жұмсаймыз.

Енді автокомпоненттер «Астана Моторс» компаниясының технопаркінде шығарылады. Бұл жерде көп ұзамай машинаға арналған орындық, мультимедиа мен пластикалық бұйымдар жасайтын үш завод ашылады. Алғашқы өнімдер келесі жылы пайдалануға беріледі.

Асқар Ибрашев, Astana Motors Engineering директоры:

- Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында экономиканың өңдеуші секторын дамытуға, оның ішінде автомобиль бөліктерін жасаудың маңызын атап өтті. Біз шағын және орта бизнеске  Алматы мен Қазақстандағы автомобиль кәсіпорындарына қажетті бөлшектерді өндіру үшін кластер құрамыз. Бұл болашақта автомобиль бағасына оң ықпал етеді.

Биыл сегіз айда 120 мыңнан астам жаңа көлік сатылса, соның 73 проценті Қазақстанда жасалған. Яғни, қазақстандық кәсіпорындар қаңтар-тамыз айының арасында 96 мың автомобиль шығарған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41 процентке көп.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон