Ақтөбедегі жедел жәрдем бекетінде антына адал дәрігер еңбек етеді

Жылы сөз – жанға дәру.

Ақтөбелік педиатр Гүлжиян Рысқалиеваның ұстанымы – осы. Науқасты тыңдай білудің өзі дұрыс диагноз қоюға себепші болады, - дейді ол. 20 жылға жуық жедел жәрдем қызметінде еңбек ететін дәрігер туралы тілшіміз айтады. 

Гүлжиян Рысқалиева – жедел жәрдемнің диспетчерлік қызметінде аға дәрігер. 17 жылдан бері осы салада еңбек етеді. Оның ішінде аурып қалған сәбилерге алғашқы медициналық жәрдем көрсетеді. Соңғы 3 жыл диспетчерлік орталықта отырса да, қоңырау шалғандардан ақыл-кеңесін аяған емес.    

Гүлжиян Рысқалиева, жедел медициналық жәрдем бекетінің диспетчерлік бөлімінің аға дәрігері:

- Жан-жақты болу керек. Психолог та бола білуіміз керек. Себебі анасына түсіндіре білуіміз керек. Біздің бір жылы сөзіміздің өзі оларға ем болады. Бригада келгенше солай көмек көрсетіп түсіндіреміз.

Тәулігіне мыңға жуық қоңырау қабылдайтын диспетчерлік орталық мамандары облыс тұрғындарын түгелдей қамтып отыр. Соған қарамастан тәжірибелі мамандар жаңадан келген әріптестерімен білген-түйгенімен бөлісуге уақыт табады. Гүлжиян Рысқалиева студенттерге де алғашқы көмек көрсетудің қыр-сырын үйретуді аға буынның бұлжымас міндеті деп есептейді.

Ләйлә Жәнібекова, жедел медициналық жәрдем бекетінің фельдшері:

- Біз енді колледжден келгеннен кейін барлық біліктілігін үйретті. Сол кісінің арқасында науқаспен жұмыс жасап үйрендік. Ол кісі – өте білікті маман. Гүлжанат Кайсагалиевна қазір Саll-орталықта аға дәрігер болғанымен де, бірақ телефон арқылы біз ол кісімен ақылдасып отырамыз. Науқаспен қалай жұмыс жасау керек, қалай көмектесу керегін әлі күнге дейін фельдшерлерге айтып, көмектесіп отырады.

Гүлжиян Рысқалиева: «адам өміріне араша түсетін дәрігерлік міндетті таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді», - дейді. Дегенмен дертіне дауа іздеген жандарға қол ұшын беруді мамандықтың асылы санайды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.