Қарағандыда ардагер танкистке медаль табысталды

Бүгін – танкистердің кәсіби мерекесі.

Атаулы датаға орай Қарағанды облысының әскерилері елдегі ең қарт танкист Исмагил Галиуллинге «ҚР қарулы күштеріне 30 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті. Ардагерді құттықтауға «Астана» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев арнайы барған.

97-ге келген қарт майдангер – ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан көзі тірі жалғыз танкист. Ол бойында қуаты бар кезде жастарға әркез үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп отырды. Кәсіби мерекесі қарсаңында өзіне құрмет көрсеткен әскери оркестрді көріп, қуанышын жасыра алмады.  

Исмагил Галиуллин,  Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері:

- Мен қашанда білімге құштар болдым. Кез келген техниканы білгім келіп, құмартып тұратынмын. Өз танкімнің қыр-сырын жақсы білуім менің өмірімді талай рет аман алып қалды. Бірде біз тіпті қоршаудың ортасында қалып қойып, танкінің бар жылдамдығымен қоршауды бұзып өткеніміз бар. Енді ондай күндер болмай, тек бейбітшілік болса екен деймін.