Отандық стартап-жобалардың әлеуеті зор

Ауыл шаруашылығы, логистика, медицина саласындағы бизнесті дамытуға стартаптың ықпалы мол, деп хабарлайды «Хабар 24».

Назарбаев Университетінің инновациялық, іскерлік және белсенділік орталығы 200-ден астам жобаны іске қосуға сеп болған. Идеялардың инвестициялық тартымдылығы 5 млн АҚШ долларына бағаланған. Оның игілігін көрген кәсіп иелері елордада бас қосып, тәжірибесімен бөлісті.

Абзал Дәрібаев, NURIS орталығының инновациялық даму жөніндегі директоры:

- Ірі компаниялар өздерінің технологиялық проблемаларын біздің отандық стартаптар арқылы шешіп жатыр. Нәтижесін көріп жатыр. Стартаптармен бірігіп, бірге компания құрып, басқа компанияларға сол шешімдерді ұсынып жатыр.

Қанат Исмағұлов, компания басшысы:

- Акселерация орталығының көмегімен біз бизнес идеямызды бірге жүзеге асыратын мамандарды, серіктестерді таптық. Стартап вагондарды дұрыс бөлуді жоспарлайды. Күн сайын вагонды бір станциядан екіншісіне жеткізу үшін өтінімдер жіберіледі. Демек ауқымды деректермен жұмыс істейтін адамдар керек. Міне, жасанды интеллект негізінде біз вагондарды бөлуді сандық форматта жүргізіп отырмыз. Бұл жұмысымызды оңтайландырды.