Павлодар облысының тұрғыны мал азығын дайындайтын кооператив құрды

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді», - Алтын Жолымбетова.

Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасымен мемлекеттен көмек алды. Қазір 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жалпы Ақсу ауданы бойынша 80-ге жуық шаруашылық пішен дайындап жатыр. Олар Ертіс жағасындағы 30 мың гектар алқаптан шөп шабады.

Кооператив мүшелері шөп шабуға тамыз айының ортасында кіріскен. Бірақ толассыз жауған жаңбырдың салдарынан екі аптадай үзіліс жасауға тура келді. Қазір күн ашылып, жұмыс қайта жанданды.   

Алтын Жолымбетова, кооператив басшысы:    

- Сол шөп шапқанда өзімізге шауып жатырмыз. Егер қалатын болса шаруашылыққа сатамыз. Шөптің шығымы қалай? Биыл онша емес. Өйткені су болған жоқ қой. Бұрынғыдай разлив болса шөп көп болушы еді.

Биыл Ертістің суы шабындық алқаптарының тек 30 процентіне жайылды. Бірақ шілде, тамыз айларында жауған жаңбырдан кейін шөп қаулай өсті. Шаруалар осы мүмкіндікті жіберіп алмайық деп тырысып жатыр. Жаңа техниканы да сынап көрмек ойлары бар.  

Мир Жантілеуов, механизатор:

- Жаздың күні ыстықтарда есігін жауып тастайсың. Ана белоруста жаба алмайсың ғой. Кондиционерді қосып қоясың. Шаң кірмейді.  Рақат. Сондай камфорт, кішкене жайлы. Былай жұмсақ жүреді білмеймін.

Жемшөп дайындайтын кооператив «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайызбен 13 миллион теңгенің несиесін алған. Бұл қаражатқа арнайы техника сатып алыпты. Әзірге 60 гектар шабындық алқапта жұмыс жүріп жатыр. Жалпы Ақсу өңірі бойынша жемшөп дайындау науқаны жақында аяқталады. Жоспарланған 96 мың гектардың 84 проценті  орылды.   Оның 30 мың гектарын Ертіс жағасындағы алқаптар құрайды. 

Әділ Құсайынов, Ақсу қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Жоспар бойынша 94 мың тонна шөп дайындауға жоспарлап отырмыз. Жалпы Ақсу өңірі бойынша 80 шаруашылық айналысады осы жемшөп дайындаумен. Оның ішінде ірі шаруашылықтар да болады. Шағын шаруашылықтар да бар.

Жемшөп дайындау науқаны қазан айының ортасына дейін жалғасады. Ертіс жағасынан шаруалар гектарына 12 -15 центнерден өнім алып  жатыр. Жаңадан құрылған кооператив 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Биыл шөп те жылдағыдан қымбаттау. Ақсу ауданында  бір руллоны 6-7 мың тұрса, тоннасы 25 мың теңгеден сатылып жатыр. Ал кооператив басшысы Алтын Жолымбетова мал азығымен бірінші кезекте  өз  ауылдастарын қамтамасыз етуді жөн санайды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Жеңіс Темірболат