Қарағанды облысында жол құрылысының сапасы қандай?

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Мәди ауылына баратын тасжолға алғаш рет асфальт төселе бастады.

«Алайда сарыла күткен құрылыс жұмыстары сапасыз жүріп жатыр», - дейді жергілікті жұрт.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Мәди ауылы мен Егіндібұлақ селосының арасындағы мына тас жол өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған. Содан бері бірде-бір рет жөнделмепті. Әбден тозған шұрық-тесік жолға биыл әйтеуір асфальт төселе бастады. Бірақ атқарылып жатқан жұмыстарға жергілікті тұрғындардың көңілі толмайды.

Нұрболат Халықов, ауыл тұрғыны:

- Былтырғы салған щебеньдерінен түк қалған жоқ. Бәрі көктемде қармен бірге еріп кетті. Жолдың шеттерінде жатыр қазір көрсеңіздер. Қазір енді сол ұшып кеткен жерге, тақыр грейдердің үстіне, топырақтың үстіне асфальттарын төсеп жатыр. Основаниесі жоқ асфальттың.

Мердігерлер жолдың астыңғы қабатын өткен жылы салған. Ал асфальт төсеу жұмыстарын тек биыл бастапты. Тұрғындардың шағымы бойынша жол активтерінің ұлттық сапа орталығы бұл учаскеге 6 мәрте тексеріс жүргізіп, 9 рет сынама алған.

Руслан Юсупов, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" инженері:

- Тексеріс нәтижесінде асфальт жабындысының тегіс салынбағаны анықталды. Жолдың астыңғы қабаты ресайклинг әдісімен жасалған соң ол жерден көлік жүрмеу керек. Технология бойынша 48 сағатта асфальт төселу керек. Бұл учаскеде ол талап сақталмаған.

Алайда құрылысқа тапсырыс беруші тарап жұмыстың сапалы атқарылып жатқанына сенімді. Техникалық бақылау қызметі тек 200 шаршы метр жерден ақау тапқан. Енді ол жерге мердігерлер қайтадан асфальт төсейтін болыпты. 

Қуандық Таласбаев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Өткенде бір 200 шаршы метр ақау учаскесі табылған болатын асфальттың сапасына байланысты. Бұл мәселені технодзор тапқан. Кейіннен бұл дефектілік учаске толығымен жойылатын болды. Қазір кесіп алынып тасталды асфальттың дефектілік учаскесі. Сапасы бақылауымызда.  

Егіндібұлақ-Ақтасты-Айрық бағытындағы бұл 103 шақырым жолдың 15 шақырымын жөндеуге 818 миллион теңге қажет. Биылғы бөлінген қаржыға тек 7 шақырымы жөнделеді. Қалғаны келесі жылдың еншісінде. Тұрғындар енді жұмыс аяқсыз қалмаса екен деп тілеп отыр.

Сәбит Алтынов, ауыл тұыны:

- Біз сұрайтынымыз соған ақша бөлініп, әрі қарай жалғастырып, Егіндібұлаққа дейін тартсын деп отырмыз. Жастар ауылға келіп жатыр. Жас көп қазір. Бәрі шаруашылық ашып жатыр. Мал өсіріп жатыр. Ауданнан 200 шақырымдай алыс тұрамыз.

Алайда жолдың Егіндібұлаққа дейін жөнделуі екіталай. Жергілікті билік өкілдері ол мақсатқа әзірге ақша қаралмағанын айтады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар