Алматыда үй жалдау мен сатудан алаяқтық артып барады

Жылжымайтын мүлік нарығында алаяқтар көбейген.

Бірі өзін «риэлтормын» деп таныстырса, енді бірі жалған құжат жасап, шындықты бұрмалайды. Мамандар кез-келген келісімшартқа сақ қарап, сатып алу немесе сату туралы шешім қабылдамас бұрын кәсіби көмекке жүгінуге кеңес береді.

Алматылық Линда Нидің басына түскен жағдай шым-шытырық. Ол әкесінен мұрагерлікке қалған пәтерін иелене алмай әлек. Өзге адам аталған үйді әжесінен алғанын айтқан. Бірақ, алаяқтың құжаты жалған екені анықталды. Мүлік дауы әлі аяқталған жоқ. 

Линда Ни, қала тұрғыны:

- Бір күні пәтерге келсем, есіктің кілті сәйкеспей, ашылмай қойды. Сөйтсек, көрші құлып ауыстырылғанын айтты. Бөтен бір ер адам келіп, жиһаздарды сыртқа шығарып, көршілерге сатпақ болған. Яғни, басқа қожайын пайда болды. Одан соң көршімнің айтуынша, пәтерді сатып алушылар келіп көре бастаған. Себебі арзан бағаға сатылымға шығарылған.

Әйгерім Тоқмолдинова, адвокат:

- Жоғарғы сот тарапынан заңдылық орнатылады деп үміттенеміз. Линданың өз пәтерін мұрагерлікке алу құқығы қалпына келтірілуі тиіс. Пәтер әлі күнге дейін иесіз бос тұр, онда ешкім тұрып жатқан жоқ. Алайда, бөтен тұлғаның иелігінде. 

Бұл бір ғана мысал. Осылайша өз құқығын білмейтін азаматтардан айласын асыратындар көп. Заңгер Аржан Сәдуақасқа олардың әрекеті етене таныс. Мысалы, ол мұрагерлікке қалған пәтер үшінші адамға сатылған соң, тең құқылы тағы бір иесі анықталған дауды шешуге көмектескен. Енді бірінде, алаяқтар жалға алынған пәтерді сатпақ болған. Көпшілік риэлтормен келісімшарт жасасудың қыр-сырына мән бермей, артынша «сан соғады».

Аржан Садуақас, заңгер /Астана/:

- Риэлторлар айтады біз жауап береміз үйдің құқықтық тазалығы дейт та юридическая чистота деп аталады. Олар ауызша ғана кепіл береді. Бірақ егерде шартты оқысаңыз олар ешқандай да ондай кепіл бермейді. Және заңға сәйкес олар ондай кепіл бере алмайды. Кепілді тек қана сол үйдің иесі ғана бере алады. Менің кеңесім үйлерді сатсын, сатып алсын, риэлторға жүгінген кезде шартты дұрыс оқу керек, түсінбеген жері болса заңгердің көмегіне жүгініп, шарт деген ол қатып қалған заң емес, оны өзгертуге болады.

Полицейлер нарықта «қара тізімдегі» заңсыз риэлторлар әлі де қызметін жалғастырып жүргенін айтады. Сондай-ақ ақпараттық технологияның көмегімен алаяқтықтың сан түрі қолданыла бастаған: жалған түбіртек, заңсыз келісімшарт - сенгіш халықты жаңылыстырудың құралы. Арнайы органдар шағым көбейген дейді.   

Бағзат Сұлтанов, Нұра аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы:

- Оқу жылының басында көптеген студенттер еліміздің үлкен қала Астана, Алматы қалаларына көп келеді. Соның салдарынан нақты пәтерді жалға беру бағасы көтеріледі. Осыны желідегі алаяқтар өздерінің теріс пиғылдарын жүзеге асыру мақсатында пайдаланып, жалған пәтер бағасын сәл арзандатып, азаматтарымызды алдауда. Яғни пәтер тапсырмастан бұрын кепіл ретінде қойған сумманың 20%-ын каспи қосымшасына немесе ұялы тел нөміріне бірлік ретінде ақшасын алып, ізін суытады. Шамамен елордамыз бойынша күніне 2-5 қылмыс осы салада тіркеледі.

Жылжымайтын мүлік саласындағы мамандар елде бірнеше жыл бұрын «Риэлторлық қызмет көрсетудің ұлттық стандарты» қабылданғанын айтады. Бұл құжатта қызметі стандартқа сай келетіндердің бірыңғай тізімі жасалатыны айтылған. Алайда, іс жүзінде ондай реестр жоқ. Яғни, заң бар, ал оны іске асыратын жүйе реттелмеген. Риэлтор Нина Лукьяненко бірыңғай электронды алаң қажет, - дейді.

Нина Лукьяненко, өзін өзі реттейтін риэлторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі /Алматы/:

- Менің пайымымша, онлайн түріндегі қандай да бір ресстр болу қажет. Лицензияланған бағалаушыларды мысал етуге болады. Адам жайдан жай ондай қызметпен айналыса алмайды. Бұл лицензиялауды қажет ететін қызмет түрі. Ал риэлторларға қатысты айтар болсам, оларды өзін-өзі реттеуші риэлторлық ұйымдарға кіруге міндеттеу керек. Сол жерде кәсіби машығын тексеріп, бағалау нәтижесінде реестрге енгізуге болады.  

Рухани Асқар, тілші:

- Нарықта қос тарап: сатушы мен салып алушы, жалдаушы мен жалға беруші де жылжымайтын мүлік маманының көмегіне жүгінеді. Бәрі болмаса да, екінің бірі солай. Заңгерлер ортада зардап шегуші болмауы қажет, дейді. Сала мамандары арнайы онлайн реестр құрудың тиімді боларын алға тартты. Сонда нарықтың әрбір қатысушысының жауапкершілігі күшейіп, кәсіби деңгейде қызмет көрсетілуіне кепілдік артады.