Петропавлда әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады

Бірінші болып қаладағы 60-қа жуық мектеп, балабақша, емдеу мекемесі қосылды.

Ендігі кезекте көпқабатты тұрғын үйлер қамтылады. Олар қысқа дайын ба? Жылу электр орталығының әзірлігі қандай? Бұл сұрақтардың жауабын әріптесім Айдарбек Айтмұхамбетұлы іздеп көрді. 

Петропавлда көпқабатты 1200-ге жуық үй бар. Олардың иелері жаз бойы құбырларды жуып-шайып, төлқұжаттарын алды. Қазір жылуға әлеуметтік нысандар қосылып жатыр. Қысқы маусымға аудандар да дайын. 

Владислав Лукин, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының м.а:

- Аудандарда 24 орталық қазандық жұмыс істейді. Қазір олар жылыту маусымына толық дайын. Биыл бұл нысандар мен жылу желілерін жөндеуге 731 млн теңге бөлінді. 

Қаладағы жылу электр орталығы да сақадай сай дайын. Биыл кәсіпорында бірнеше қазандық пен турбоагрегат қалпына келтірілді. Сонымен қатар былтыр құлаған түтін мұржасының құрылысы басталды. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Алайда тамыз айының басында жұмыс тоқтатылды. Құрылыс кезінде құбыр 23-метрінен бастап қисайып кеткен. Енді мамандар оны қайтадан бұзып, қайтадан салатын болады. 

Бірақ бұл жылыту маусымына кесірін тигізбейді. Қазандықтар қалған екі мұржамен де істей береді. Мамандар осылай деп отыр. 

Анатолий Казановский, жылумен қамту кәсіпорнының бас директоры:

- Қарашаның 25-інен бастап 11 қазандық жұмысқа жарамды болады. Олар екі түтін мұржасына қосылады. Ал жаңадан салынып жатқан үшіншісі қазір бұзылып жатыр. Барлық шығынды мердігер ұйым көтереді.

Қазір пеш жағатын тұрғындардың 42 пайызы көмірмен қамтылды. Облыс аумағында қатты отын сататын 32 орын істеп тұр.  

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков