Дербес деректер қалай қорғалады?

Бұдан былай ел азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттардың қағаз көшірмелерін жинауға және өңдеуге тыйым салынады.

Әрі елде мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік орталығы құрылады. Мәжіліс бүгін тиісті заңнамалық актілерге ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады.

Қорған Қонысбайұлы:

- Бір жапырақ құжат... Бұл жеке куәліктің ішінде барлық дерек бар. Қайда барсаңыз да осы куәлікті сұрайды. Бірақ, кейінгі уақытта электронды нұсқасы да жеткілікті болып қалды. Әбден ыңғайлы, жақсы. Бірақ, көкейде мынадай сұрақ, біздің деректер қаншалықты қауіпсіз жерде сақталған?    

Сол қауіпсіздікті күшейту керек болып тұр. Өйткені осыдан 5 жыл бұрын 530 шақты адам интернет алаяқтықтың құрбаны болса, былтыр 23 мыңнан аса адам қылмысын онлайн жасайтындардың құрбаны болған. Кейбір дерек тарап кеткен. Сондықтан заңды жетілдіру - уақыт талабы. Хош. Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын әзірлеп, бүгін бірінші оқылымда мақұлдады. Ақпараттық қауіпсіздікке қатысты құжат 3 тараудан тұрады. Біріншісі жеке мәліметтерді қорғауға арналған. Атап айтсақ, дербес деректердің айналымына және сақталуына мемлекеттік бақылау енгізіледі. Әрбір оператор,,, тиісті органға жеке басқа қатысты мәліметтердің таралып кеткені туралы хабарлауы қажет. Бірінші тарау осыны қамтиды.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобасының екінші блогы «ақ хакерлер» институтын және бак-баунти платформасының қазақстандық аналогы жұмысын құқықтық реттеуді ұсынады. Бұл шара ақпараттық жүйе зерттеушілерін ақпараттық жүйе қателіктері мен осалдықтарын анықтауға тартуға ықпал етеді.

Заң жобасының үшінші тарауында ұлттық қауіпсіздік комитеті жанынан мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік орталығын құру көзделіп отыр. Орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық мекемелеріне ғана қызмет көрсетпек. Жалпы бүгінгі таңда елде дерек беретін 350-ге жуық мемлекеттік нысан жұмыс істейді. Заң жобасы аясында тек орталық құру емес, сонымен қатар... 

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Сонымен қатар, заңдарда  тікелей қарастырылған жағдайларды қоспағанда (Олар: еңбекші көшіп келіші, иммигранты, нерезидент емес), жеке басын куәландыратын құжаттардың қағаз көшірмелерін жинауға және өңдеуге тыйым салу нормалары қарастырылған. Бұл да азаматтардың дербес деректерін басқа мақсаттарда қолдануына  жол бермеуін қамтиды.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобасының негізгі новеллалары, біріншіден, азаматтардың дербес деректерінің операторларымен (ұялы операторлар, мемлекеттік мекемелер, банктер және т.б.) профилактикалық жұмыс жолға қойылатын болады. Әрбір оператордың дербес деректердің жария болып кетуі туралы мәліметті реттеуші мемлекеттік органға хабарлау міндеті енгізіледі.

Операторлардың жауапкершілігін де күшейту көзделіп отыр. Мәселен жеке басқа қатысты мәліметтер тарап кетсе, жауапты операторға салынатын айыппұл да еселенбек. Мұның бәрі дербес деректер базасының қауіпсіздігін қорғауға оң ықпалын тигізуі тиіс.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Мұрат Әріпханов, Аян Сәрсенбаев, Серік Қоңырбаев