Елордадағы әрбір екінші көпқабатты үй өрттен қорғалмаған

Әсіресе сол жағалаудың тұрғындары қауіпсіздікке салғырт қарайды, - дейді мамандар.

Олар сән үшін сигнал беретін түймелерді алып тастайды. Одан қалды ауқаттылар балконды құлыптап, дәлізін қоршап, жалпыға ортақ мүлікті меншіктейді. Оқыс оқиға туындаса, осы әрекеттен жапа шегетін де – сол тұрғындардың өзі. Енді қайтпек керек?

Өрт сөндірушілер дабыл қаға бастады. Себебі баспаналардың басым бөлігінде өрт қауіпсіздігі жүйесі істен шыққан. Қазір елордада 895 үй бар. Демек жүздеген үйді паналаған мыңдаған тұрғынға қауіп төніп тұр. Бұған рейд те де көзіміз жетті.

Бекзат Аманов, тілші:

- Біз дәл қазір елорданың қақ ортасында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің 11-ші қабатында тұрмыз. Мұнда аяқ астынан оқыс оқиға туындаса тұрғындар қауіпті аймақта қорғансыз қалады. Неге? Себебі, байқағандарыңыздай, сигнал беру құрылғысы істемейді. Мына менің үстімде тұрған ауа тазартқыш та жарамсыз. Оның үстіне қарапайым өрт қауіпсіздігі құрылғыларын да тұрғындар бөгеп тастаған. Оны ашқан күннің өзінде құрылғылардың барлығы жарамсыз.

Дәл осы үйдің 8-ші қабатына түсіп, қызық жайтқа тап болдық. Тұрғындар өзара келісіп, балконды мығым құлыппен бекітіп қойыпты. Сол жерге кірін жаяды, артық затын шығарады. «Егер өрт шығып, айнала отқа оранса, эвакуациялық жолды бөгеп қоямыз-ау» деп ойлап жатқан ешкім жоқ. Әрі қарай 6-шы қабатқа аялдап, тағы бір сұмдықты көрдік. Тұрғын лифттен шығаберіске темір есік орнатыпты. Неге екені белгісіз, бірақ кілтің болмаса, бұл «тасқамалға» кіре де, шыға да алмайсың. Мамандардың айтуынша, бұл заңсыз.

Еркін Отарғалымұлы, қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

- Үйлер ең әуелі өртке қарсы жүйелермен қамтамасыз етілуі керек, аталған жүйелер автоматты түрде іске қосылуы керек. Қандай да бір оқыс оқиға болған кезде өрт туралы ақпараттың уақытылы келуі, түтіннен қорғау жүйесінің іске қосылуы, алғашқы өрт сөндіру құрылғылары мен ішкі крандар дұрыс жарамды болуы қажет.

Бұған ОСИ һәм КСК сынды мекемелер жауапты. Қауіпсіздік жүйесін де солар орнатуы тиіс. Бірақ олардың да өз уәжі бар. Темірдей тәртіпке тұрғын көнбейді, ал өртке қарсы жүйелерді орнатуға қаржы жетпейді, - дейді олар. Мәселенің арты сол баяғы төмен тарифке тіреледі. Ал қосымша қаржы жинауға тұрғындар құлықсыз.

Гүлшат Рахметова, МИБ төрағасы:

- Біздің тариф – 1 шаршы метрге 62 теңге. Бұл қаражат қордаланған мәселелерді толық шешуге жетпейді. Ал тұрғындар тарифті көтеруден түбейгейлі бас тартып отыр. Өрт қауіпсіздігі жүйелерін орнату үшін қомақты қаражат керек. Бұл үйдің барлық қабатындағы құрылғылар жарамсыз, істен шыққан. Оны жөндеу үшін қосымша қаражат беруге ешкім келіспейді. Эвакуациялық жолдар да бөгегелген. Біз бұған тосқауыл болуға енді кірісіп жатырмыз.

Жыл басынан бері елде 40-тан аса тұрғын үй өртенді. Алда жылыту маусымы жақындап келеді. Ал мамандар тілсіз жауды тізгіндейтін алғашқы көмектің өзін орната алмай әлек. Негізі қауіпсіздікке бей-жай қарайтын үйлерге 100 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Биыл жауапкершіліктен қашқан 15 үйдің басқарушысы жазаланды. Бірақ сонда да оң өзгеріс байқалмады.

Авторлары: Бекзат Аманов, Мұрат Әріпханов.