Созақ ауданында футбол және ойын алаңы ашылды

Түркістан облысының Созақ ауданында футбол және ойын алаңы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындардың сұранысына сай салынған нысан Шолаққорған ауылында ел игілігіне пайдалануға берілді. Дәл осындай спорт нысандары тағы қандай елді мекендерде бой көтерді.

Жасыл алаңда теңбіл доптың соңынан қуған Қайсар Бекбосын 7-сыныпта оқиды. Бос уақытында футбол ойнағанды ұнатады. Бірақ жақын маңда спорт алаңшасы болмағандықтан, көрші аулаға баруға мәжбүр болған. «Енді алысқа бармай, өз ойын алаңымызда жаттығамыз», - дейді.

Қайсар Бекбосын, мектеп оқушысы:

- Мысалы, подкат деген болады. Соны салуға жақсы. Бір жеріңді жарақаттап алмайсың, ауырмайды. Құласаң да жақсы. Газон жұмсақ. Ана жаққа бармаймыз енді, көшемізден ашылды. Енді осы жерде ойнаймыз. Өте қуаныштымыз.

Спорт алаңы Созақ ауданында кен өндіретін кәсіпорынның демеушілігімен жүзеге асты.

Паскаль Бастьен, кәсіпорынның бас директоры:

- Ойын алаңдарынан бөлек, медициналық нысандар, жол, жарық, көше шамдарын орнатуға қолғабыс еттік. Жыл сайын өңірде 30-дан астам жобаны қаржыландыруға 300 млн теңге бөліп отырамыз. Алдағы уақытта да осындай әлеуметтік жобаларға демеушілік жасап, ауданның дамуына өз үлесімізді қоса береміз.

Кіші футбол алаңшасының қасынан балалар ойын алаңы да ашылды. Ауыл тұрғындары ойын алаңы балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, тәнін шынықтыратын орынға айналатынына сенімді.

Дәріжан Есжанова, Шолаққорған ауылының тұрғыны:

- Бұл жер бұрын бос жатқан жер еді, шаңы шығып, балаларымыз мәз-мейрам болып, Алланың қалауымен ашылып жатыр. Бұған да шүкір. Бұрын-соңды болмаған нәрсе болып жатыр. 

Дәл осындай спорт алаңшасы келесі аптада аудан орталығындағы Спатаев көшесінде де ашылады. Одан бөлек, Қарасу ауылында жабық футбол алаңы салынып жатыр. Шаға елді мекенінде жеке кәсіпкер өз қаржысы есебінен осындай спорт алаңын салып беретін болды.

Мұхит Тұрысбеков, Созақ ауданының әкімі:

- Қазір енді, көріп отырсыздар, Паскаль Васиенмен келістік. Мектептің жанынан осындай спорт алаңының тағы біреуі түсетінін растады. Одан бөлек, канадалықтармен бірлескен кәсіпорын бар. Олар Жеткіншек ауылында балалар ойын алаңшасын, Қарабұлақ ауылында тағы бір балалар ойын алаңшасын салып беруге ниетті. Одан бөлек, Шаға, Сарыжаз елді мекенінде де сондай балалар ойын алаңшалары салынатын болады.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударып, білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ ұлттың ең қымбат байлығы екенін атап өтті. «Балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің басты борышы», - деді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов.