Петропавлда 26 үй апатты деп танылды

Петропавл қаласының бір топ тұрғыны апатты үйде тұрып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

2 қабатты ескі ғимараттың құлағалы тұрғанын сарапшылар ресми түрде растады. Баспананы толық зерттеген мамандар «адамдарға тұруға болмайды» деген шешім шығарды. Алайда тұрғындар неге қауіпсіз жерге көшірілмейді?

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл үйдің іргетасы сонау 1930 жылдары қаланған. Содан бері одан түк те қалмады. Оны айтпағанда, терезелердің өзі, міне, жерге кірейін деп тұр.

Вячеслав Просветов бұл пәтерді 2 жыл бұрын сатып алған. Енді «қырық жамау» үйін жөндеумен әлек. Бірақ қанша жамап-жасқаса да, онысынан  пайда жоқ. 

Вячеслав Просветов, қала тұрғыны:

- Құрылыс компаниясын жалдайын десем, бәрі бір ауыздан бас тартады. Өйткені үй құлайын деп тұр. Олар мұнда ештеңе істеуге болмайды дейді. Шатырын ауыстырсақ, қабырғаға салмақ түседі. Ал оның ағаштары шіріп кеткен.

Дәл осы үй былтыр апатты жағдайда деп танылған. Сараптама қорытындысы бойынша ғимараттың құлау қаупі бар. Ресми қағазда «Бұл жерде тұруға болмайды. Адамдарды шұғыл көшіру керек» деп жазылған.

Әсем Айтолова, қала әкімдігінің баспасөз хатшысы:

- Бүгінгі таңда бізде қала бойынша 26 апатты үй бар. 166 адам кезекте тұр. Кезектері бәрі сақталады. Олар «Отбасы банкке» барып сол арқылы мемлекеттік бағдарламалар арқылы үй ала алады.

Мұндай жағдайда заң бойынша жеке инвестор тартып, тұрғын үй салуға болатын еді. Алайда аталған жер теміржолға байланысты санитарлық аумақ болып саналады. Сондықтан жаңа құрылысқа жол жоқ.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.