Батыста жол құрылысы тоқтаусыз жүргізіледі

Жол құрылысы тоқтаусыз жүргізіледі.

Батыс Қазақстан облысында жергілікті маңызы бар жолдардың тек 46 проценті қанағаттанарлық күйде. Оның үстіне құрылыс жұмыстары да биыл кестеден кешіккен. Бұған биыл битум, қиыршық тастың кешігіп жетуі және бағаның өсуі себеп болды дейді мамандар.

Бұл үш ауданды байланыстырып тұрған Чапаев-Жаңақала-Сайхын жолы. Ұзындығы 400 шақырымнан асады. Соның үштен бірі ғана тақтайдай тегіс. Ал Жаңақала ауылынан әрі қарай асфальт атымен жоқ. Жол жаздыгүні көк шаң, ал көктем мен күзде ми батпаққа айналады. 

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл бірер күн бұрын жауған жаңбырдан кейінгі көрініс. Күтіп-ұстауға жауапты кәсіпорын жолды тегістеп үлгермеген. Жол ойқыш-ойқыш күйінде жатыр. Мұнымен қатынау оңай емес. 

Өтеулі Жұмашев, Сарыкөл ауылының тұрғыны:

- Шифр жолдарды көрген боларсыздар, секіріп машинаның ештеңесін қалдырмайды. Батып жатамыз жарты жолда. Сүйреп жатамыз, батып жатамыз. Трассаның бойында қадалып жатады неше машина батып, түсіп кетіп жатады. Жол азабын көріп жатырмыз ғой. 

2021 жылы дәл осы жолдың 60 шақырымына асфальт төсеу басталған. Оған 15 млрд теңге қаралды. Құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталуы тиіс. Бірақ бүгінге дейін небәрі 10 шақырымға жетер-жетпес жол салынған. 

Әлия Қабенова, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының м.а:

- Материалдардың, тасымалдаудың, ГСМ-ның, бәрінің күрт қымбаттауы салдарынан бүгінгі күнде жыл бойына түзету жұмыстары жүріп жатыр осы жобаны. Күні кеше тек сараптамадан шықты. +Келесі жылы жалғасын табады. Келесі жылға тек 1,5 млрд теңге қаражат бөлініп тұр, бірақ ол келесі жылы орындауға өте аз қаражат. Тағы республикалық бюджеттен сұрауға үміттеніп жатырмыз. +Енді ол жобаны аяқтау 2025 жылға созылып отыр. 

Биыл жергілікті маңызы бар жолдардың 335 шақырымын жаңғырту көзделген. Бұған республикалық қазынадан 26 млрд теңге қаралды. Жобалар жүзеге асса, қанағаттанарлық тасжолдың үлесі 52 пайызға жетуі қажет. Дегенмен жаз бойы инертті материалдардың тапшылығы сезілді.  Саладағы түйткіл енді ғана реттеліп келеді, дейді мамандар. 

Әлия Қабенова, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының м.а:

-  335 шақырымымыз кішкене 300-дің айналысына түсіп қалуы мүмкін деген неміз бар. Біздің өңірімізге Ақтөбе облысынан қиыршықтас тасымалдауға 10 состав бөлінді. Бүгінгі күні сол 10 составтың 8 составы постоянно түрде жүріп жатыр. Қазір кішкене кешігумен келеді, бірақ әйтеуір қиыршықтасқа тапшылығымыз жоқ. Ресей елінен Федерациясынан келетін мұнай өнімдерінің квотасына битум өнімін қосып, БҚО-ға 35 мың тонна битумды алуға квота ашып, сондай жұмыстар жүріп жатыр. 

Президент өз Жолдауында Үкіметке 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жол салуды жүктеді. Сапасын бақылауды тапсырды. Бұл тұста қадағалаушы мамандардың мәліметінше, өңірдегі құрылыс компанияларының біразы тиісті талаптарды орындай бермейді. 

Абылайхан Алшынбаев, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" ОФ директоры:

- Биыл құрылыс учаскелерінде материалдардан мыңнан астам сынама алынды. Зерттеу нәтижесінде олардың 47 пайызы талапқа сәйкес келмейтіні белгілі болды. Оның үстіне шалғай аудандарда құрылыс қарқыны тым баяу жүріп жатыр. Біз кемшіліктер бойынша ескерту бергенімізбен, компаниялардың 90 пайызы оны елеп жатқан жоқ. Оларға енді тиісті шаралар қолданылады. 

Келер жылы да өңірдегі жол құрылысына биылғыдай 26 млрд теңге қарастырылады. Әзірге жаңа жобалар тізіміне қандай тасжолдар кіретіні белгісіз. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов