Теміртау қаласында Республика күніне орай велошеру өтті

Спорттық шараға «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы ұйытқы болды.

Жарысқа қатысқандардың арасында 96 жастағы соғыс ардагері Николай Куриленко да бар. Ал ең жас велошабандоз небәрі үште.

Теміртауда өткен велошеруге облыстың барлық аудан, қалаларынан келген. Белгісіз солдат ескерткішінен басталған марафон 5 шақырымға ұласты. Жарыс алдында қатысушылар техника қауіпсіздігі бойынша нұсқамадан өтті.

Даниил Пегалов, металлургиялық комбинаттың электромонтері:

- Ешқашан велоспортпен кәсіби түрде шұғылданған емеспін, әуесқоймын. Бес жыл болды. Мен үшін ең бастысы жеңіс емес, шеруге қатысып, достармен бас қосу. Мұнда таныстарым өте көп.

Ислам Мүслимов, металлургиялық комбинаттың көмір департаментінің ардагері:

- Біз Қарағандыдан көмір департаментінен келіп отырмыз, 20 шақты велопробегке қатысатын жігіттер. Жұмыс істеп жүрген кеншілер, пенсияға шыққан кеншілер. Жұмыс бірге істейміз. Түгелі жақсы болсын. 

Шеруге қатысуға шектеу болған жоқ. Көңілі қалаған кез келген адамға мүмкіндік берілді. Велошабандоздың ең жасы 3-те болса, ересегі 96 жаста. Соғыс ардагері Николай Куриленко мәреге дейін топты бастап барды. Марафон металлургиялық комбинат алдында түйінделді.

Инна Вишнякова, велошеруге қатысушы:

- Мектепте есепші болып еңбек етемін. Қатысуға шешім қабылдадым. Шеру өте жақсы ұйымдастырылған. Халық көп жиналды. Салауатты өмір салтын ұстанатын жастарды көріп, қуанып тұрмыз. Келешекте осындай жарыстар жиі өтсе.

Марафон жеңімпаздарының барлығына велосипед берілді. Шерудің ең жас және ең қарт қатысушысы да сыйлықсыз қалған жоқ. Тіпті, жарыстың соңында келген шабандоз да жеңіске деген ынтасы үшін марапатталды. Сонымен қатар жазда суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалған 8 сынып оқушысы Арман Максимов та велосипед алды. Кейбір жеңімпаздар сыйлықтарын балалар үйіне тарту етті.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар