Ереже бұзған 2079 самокат жүргізушісі жауапқа тартылды

Қыркүйектің басынан бері ел көлемінде 2079 самокат жүргізушісі жол ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Олардың 700-ден астамы – кәмелеттік жасқа толмағандар. Сондай-ақ қасына адам мінгестірген 400-ге жуық тұрғынға айыппұл салынды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде хабарлады. Бүгін полицейлер астаналықтарға электрлі самокаттарды пайдалану ережелерін түсіндірді. Акция барысында қауіпсіздік құралдары таратылды. Еске сала кетейік, 30 тамызда «Жол жүрісі туралы» Заңға электрлі самокаттарды пайдалану бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. 

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

- Егер де электр самокат жүргізушісі автокөлікке арналған жолдың бойымен, яғни оң жақ шетімен немесе автобустарға арналатын жолақпен қозғалатын жағдайда, онда жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы керек. Ол жерде жасы он сегізге толған болуы керек және жүргізуші куәлігінің кез келген санаты болуы керек. Сонымен қатар жолдың бойымен қозғалған кезде міндетті түрде шлемы болуы керек. 

Арсланбек Мағзұм, Астана қалалық мәслихатының депутаты:

- Көшелерге шығып, осы жастарымызға түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Жалпы осы акция жалпы Қазақстан бойынша үлкен мегаполистер – Астана, Шымкент және Алматы қалаларында жүргізілуде.