Маңғыстау облысында жүздеген бекіре теңізге қайта жіберілді

Маңғыстаулық шекарашылар 300-ден аса бекіре мен 200-дей ұсақ балықты теңізге қайта жіберді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – браконьерлерден тәркіленген балық. Сөйтіп, 817 млн теңге болатын шығынның орнын толтырды.

Жалпы қазан айының басынан бері теңіз сақшылары судан 74 шақырымға жететін браконьерлік ау-құралын жинап алған. Шекарашылармен бірлесе атқарылған рейд кезінде көші-қон заңнамасын бұзған 18 адам ұсталып, 3 қайық тәркіленді. Каспийдің биоортасын қорғау шаралары жыл соңына дейін жалғасады.

Дәурен Оразов, ҚР ҰҚК ШҚ Жағалау күзеті басқармасының аға офицері:

- Қолданыстағы заңнамаларды бұзған азаматтарға 520 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. Теңізге жіберілген бекіре балығының жалпы салмағы 2 тоннадан асады. Жауапты қызметті атқару барысында қырағылық танытқан шекара кемелерінің экипаждары марапатқа ұсынылды.