СҚО-да 5 мыңнан астам маман жетіспейді

Тұрғындары тығыз орналасқан өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға көш жалғасып жатыр.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысына 2700-ден астам адамды қабылдау үшін арнайы квота бөлінді. Дегенмен аймаққа әлі де бес мыңнан астам маман жетіспейді. Аққайыңдар өлкесіне арнайы жұмыс сапарымен барған депутаттар, бұл мәселені алдағы 2-3 жылда шешу керектігін баса айтты.

Ғалимзан Минхаеров 2021 жылы Маңғыстау облысынан Мамлютка қаласына қоныс аударды. Мақсаты кәсіп ашып, мал шаруашылығымен айналысу еді. Қазір 20 шақты қойы бар. Енді оның жүнін кәдеге жаратуға ниетті.

Ғалимзан Минхаеров, Мамлютка қаласының тұрғыны:

- Өзім грант бойынша осында мал шаруашылығына кірістім. Сол қойлармен айналысып жатырмын, қазір. Жолдасымда грант алған еді. Көрпелер тігіп, соған кірісейін деген еді. Әдемі тіккен жемпірі бар, қойдың жүнінен. Былай жеңіл, әдемі. Әзір білмеймін, осы жақтағы адамдар оны алады ма, алмайды ма ? Енді тек дүкендерге таратып жіберіп көру керек.   

Биыл Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударушылармен қандастарды қабылдау үшін 2700-ден астам квота бөлінді. Келген ағайынға материалдық көмек беріп, баспана сатып алуға ел қазынасынан 2,1 милилард теңге бағытталды. Қазір оның жартысы игерілді.

Ринат Елжасов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Қазір біздің облысымызда бес мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Жалпы ең көбі біздің ауыл шаруашылығы және білім саласында, тағы да басқа мамандар керек бізге. Келесі жылы тағы екі мыңнан астам квота беріледі.

Солтүстікте маман тапшылығы өзекті мәселеге айналған. Аймаққа келген Парламент Сенатының депутаттары халықты көптеп тарту үшін жаңадан бағдарлама керектігін алға тартты.   

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Менің ойымша үлкен мән беру керек. Бұған мемлекеттік арнайы бағдарлама керек. Мысалы «Серпін» деген жастарды оқыту бағдарламасы болды ғой. Сол сияқты жұмыс істейтін азаматтарды, жерді игеруге, осы жердің өнімін алуға, Қазақстанның мына кең байтақ жерін дұрыс пайдалануға бағыттайтын мемлекеттік бағдарламаның жобасын жасауды да қарастыратын боламыз. 

Жалпы жыл басынан бері облысқа оңтүстіктен 700-ден астам отбасы көшіп келді. Тағы 69-ы Ресей және Моңғолиядан қоныс аударды.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов