Смайылов: 2,5 айда жоспардың бәрі орындалуы тиіс

Смайылов: 2,5 айда жоспардың бәрі орындалуы тиіс

Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту шаралары қаралды.

Премьер-Министр атап өткендей, Үкімет алдында биыл 1 млн-ға жуық адамды жұмысқа орналастыру міндеті тұр.

Қазіргі таңда жалпы 734 мың адам жұмыспен қамтылды. Олардың жартысы – жастар.

Қалған 2,5 айда жоспарлы көрсеткіштердің бәрі орындалуы тиіс, — деп атап өтті ол.

Әлихан Смайылов бүгінде экономикаға энергетика, мұнай-газ индустриясы, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, көлік және логистика, IT-саласының мамандары қажет екенін атап өтті.

Осыған байланысты ол Ғылым және Оқу-ағарту министрліктері мемлекеттік білім беру гранттарының тізбесін қалыптастыру кезінде осы бағыттарды ескеруі тиіс екенін баса айтты.

Премьер-Министр бүгінде жұмыспен қамту орталықтары облыстық Еңбек ұтқырлығы орталықтары болып қайта құрылғанын еске салды.

Енді Еңбек министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы орталықтар арқылы жұмысқа орналастыру жүйесіне мониторинг жүргізу механизмін жетілдіруі тиіс. Міндетті зейнетақы аударымдары бар электрондық еңбек шарттарының жасалуына ерекше назар аудару қажет, - деп атап өтті ол.