ШҚО-да шаруалардың несиесі кейінге шегеріледі

Шығыс Қазақстан облысының шаруалары көктемгі дала жұмыстарына алынған несие мерзімін кейінге шегеруді сұрап отыр.

Өңірде ауа – райының қолайсыздығына байланысты егін орағы созылып кетті. Соңғы мәлімет бойынша, қазір бидайдың 80 пайызы жиналған. Түсім де көңіл көншітпейді – бидай небәрі 5-ақ центнерден шыққан. Оның өзі ылғалды. Жауын – шашынның кесірінен фермерлер жаңа жиналған өнімді кептіріп әлек. Тұқым қоры да жығылғанға жұдырық болып тұр. Осыған байланысты Глубокий мен Шемонаиха аудандарының диқандары аграрлы – несиелік корпорациясы алдындағы қаржылық міндеттемені уақытша тоқтату мәселесін көтерді. Олардың бұл ұсынысын кәсіпкерлер палатасының өкілдері қолдады. 

Рамиль Сағындықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- 30 күн жауған жаңбыр бидайдың сапасына керә әсерін тигізді. Қазір элеваторларға ылғалды өнім түсіп жатыр. Осыған байланысты оны кептіруге Үкіметтен қосымша 7 мың тонна дизель отыны бөлінді. Шаруалардың шығыны онсыз да шаш етектен.

Қайрат Мамырбаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Қазір аграрлы – несиелік корпорациясының қызметкерлері өтініштер қабылдап жатыр. Одан бөлек фермерлер одағы мен ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне хат жолдадық. Егер қарыз бойынша көмек керек болса, шешу жолдарын қарастырамыз.