Ұлытау облысында құтқарушылар ант қабылдады

Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаментінде жас мамандар жұмысқа қабылданды. 

Қатарға енді қосылған қызметкеткерлер өз міндетін абыроймен атқаруға ант берді. Құтқарушылар күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада  төтенше жағдай қызметіне су жаңа  көліктер табысталды.

Қызметке енді араласқан жастардың бірі өрт сөндіруші, енді бірі диспетчер мен құтқарушы болады. Олар түрлі апаттың алдын алып, салдарын жою үшін еңбек етеді. Мамандарға жағдай жасалған. Былтырдан бері департаменттің көлік паркі де жаңартыла бастады. Салтанатты түрде табысталған техника аудандарға бөлінеді. 

Дархан Қоңыршинов, ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі бастығының орынбасары:

- Облыс құрылғанға дейін біздің 65 пайызымыз ескірген техника және нормаға жетіспеушілік болған. Былтырғы жылы 14 бірлік техника алған болатынбыз. Биыл 8 алып жатырмыз. Бұның өзі жақсы көрсеткіш. 40 пайызға жаңарды деуге болады. 

Облыста халық саны аз болғанымен жер көлемі үлкен. Апат пен өрт кезінде жедел әрекет ету  оңай емес. Соған қарамастан төтенше жағдай қызметі міндетін адал атқарып отыр. 

Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:

- Биыл жаз мезгілінде қуаңшылық және басқа да залалдардың салдарынан түрлі өрттер орын алды. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жұмыла еңбектенуінің арқасында қауіп-қатер дер кезінде сейіліп, қайғылы жағдайға ұласқан жоқ. Әрі қарай да жұмыстарыңыздың нәтижесі жақсылықпен ұштаса берсін.

Салтанатты жиынға келген ардагерлер мен құрылым басшылары қызмет бабында қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Елеулі еңбек еткен құтқарушылар облыс басшылығы мен министрлік тарапынан марапатқа бөленді.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева