Елімізде 8,5 млн-ға жуық қазақстандық қарызға батып отыр

1,5 жылда банктен несие алғандардың үлесі 27%-ке өскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір 8,5 млн-ға жуық қазақстандықтың қарызы бар. Өкінішке қарай, борышын 90 күннен кешіктіргендердің қатары артып келеді. Мұндай қарыз көлемі 1,5 трлн теңгеге жуықтаған.

Өзекті мәселенің шешімі қандай? Парламенттік тыңдау осы тақырыпқа арқау болды.

Азаматтар әлеуметтік мәселелерін несиемен шешуге тырысады. Тіпті халық арасында «қарызды туыстан сұрағанша, несие ала салған оңай» деген түсінік бар. Мұнымен келіспеуге де болмайды. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың сөзінше, микроқаржылық ұйымдарда 20-дан аса қарызы бар азаматтар да арамызда жүр. Ал Ішкі істер министрлігі тым көп несие алып, оны төлей алмай, салдарынан түрлі қылмысқа баратындар көбейгенін айтты. Қайғылы аяқталатын жағдайлар да бар. Биыл 12 борышкер өз-өзіне қол жұмсаған. Сол себепті депутаттар несиелеу тәртібін қатаңдатуды, лажы болса, төлем қабілеті төмен азаматтарға қарыз бермеуді ұсынады.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

- Депутаттар заңға өзгерту негізінде 2 нәрсені ұсынып отыр. Микронесие ұйымдары мен банктерге жеке тұлғалардың мерзімі өтіп кеткен несиелерін коллекторлық ұйымдарға сатуға тыйым салуды. Осы арқылы олар өз борышкерлерінің қарызын реттеуді өз мойындарына алуы керек. Екіншіден, мөлшерлемесі тым жоғары жалақыға дейін деп берілетін несиені алып тастау қажет. Оның максимал көлемі 150 мың теңге. 45 күнге дейін белгіленген мөлшерлеме 15-20% аралығында. Енді бұл несиелер бірыңғай жылдық тиімді мөлшерлеме бойынша берілуі керек. Бірақ түрлі мерзімге ұсынылуы мүмкін.

Иә, алғашқы жарты жылда мерзімінен кешіктірілген қарыз үлесі 19%-ке қысқарған. Бұған несиенің коллекторлық ұйымдарға сатылуы себеп болды. Мұны тоқтатуды талап еткен Ерлан Қошанов ипотекалық несиесі бар азаматтарға да жанашырлық танытты.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың жалғыз баспанасынан айырылып, көшеде қалуына жол бермеу керек. Мұның бәрі заң деңгейінде бекітілуі тиіс. Бұл мәселені шешудің артында миллиондаған адамдардың тағдыры тұрғанын есте ұстаған жөн.

Өкінішке қарай, несиеманияға лудомания да әсер етіп жатыр.

Руслан Берденов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз өзгертулерде әрбір ойыншыға оның зейнетақы қорын ескере отырып, жеке ID беруді ұсынамыз. Мұндай халықаралық тәжірибе бар. Бірақ шектеу болады. Мысалы, сіздің зейнетақы қорыңызда 10 мың теңге болса, сіздің лимитіңіз де 10 мың теңге болады. Өйткені қазір ойыншылар тоқтаусыз ойнай береді. Тіпті 3 млн доллар қарызы барлар да бар. Олар бір несиелік ұйымнан кейін, екіншісінен алып отырған.

Елімізде жосықсыз несие алу мәселесі бұрыннан өзекті. Түйткілдің түйінін тарқату үшін жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды. Содан бері түскен 68 мыңнан астам өтініштің 55 мыңы мақұлданбаған.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Қаржы министрі:

- Аталған проблемаларды шешу тетіктерінің бірі жеке тұлғалардың банкроттығы мен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану болып табылады. Оның ішінде неғұрлым сұранысқа ие болып отырғаны – соттан тыс банкроттық рәсімі. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша ғана қолдануға болады. Азаматтар өтініштерді халыққа қызмет көрсету орталықтарында, электрондық үкімет порталы арқылы, сондай-ақ Е-salyq Аzamat немесе eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы бере алады. Жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша «Qoldau» деп аталатын жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды.  

Білесіз бе? Елде 14-16 жастағы өрендер де несие рәсімдей алады. Онлайн несие. Оның пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары екені айтылды. Қазір 2 млн-ға жуық қазақстандық қарызын уақытылы өтей алмай отыр. Борышын 90 күннен кешіктіргендер – осылар.

Қарақат Абден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Сараптама көрсеткендей, несиенің 85%-і бизнесті ілгерілетуге не басқа да нақты мақсатқа алынбаған. Борышкерлердің дені 27 жасқа дейінгі жастар. Олар көбіне смартфон, құлаққап сынды техниканы алып отырған. Тек 5%-і бизнес бағдарламалар бойынша алынған. Өкінішке қарай, халықтың құқықтық сауаты төмен. Тіпті азаматтар несиені қандай пайызға алып отырғандарын да білмейді екен. Салдарынан несие мәселесі күрделеніп барады.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Жарты жылда қазақстандықтардың несиелік қарызы 3 трлн теңгеге өсті. Оған мұқтаждық та әсер еткені сөзсіз. Алайда банктер мен микроқаржы ұйымдары да азаматтарға хабарласып қарызға ақша ұсынудан жалықпайды. Бір қарағанда, тиімді ұсыныстан қалай еріп кеткенін білмей қалатындар көп.

Парламенттік тыңдауда көпшілік көкейінде бір шешім тұрды. Ол – халықтың қаржылық сауатын арттыру. Бұл ретте «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы жемісін берген сияқты. Оқытылған 52 000 адам берешегінен құтыла бастаған. Алдағы уақытта жобаны жалпыхалықтық бағдарламаға айналдыру көзделеді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Арман Ақшабаев.