Астанада жаңа орталық жұмысын бастады

Астанада республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету орталығы жұмысын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа мекеме №10 қалалық емхана базасында ашылған. Денсаулық сақтау министрлігі орталық арқылы жаһандағы алдыңғы қатарлы технологияларды ел көлемінде енгізуді көздейді. Яғни, жергілікті жағдайда сынақтан өткізіп, барынша зерттейді. Бұл іске отандық ғалымдар жұмылдырылады. Сондай-ақ орталықта көпсалалы топтар құрылды. Оған отбасылық дәрігерлер, патронаждық мейірбикелер, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар енді. Мамандар тобы әр пациенттің денсаулық көрсеткіштерін жан-жақты талдап, кешенді түрде қарастырады. Әсіресе жүкті келіншектер, қариялар мен балаларға айрықша назар аударылатын болады.

Тедрос Аданом Гебреисус, ДДҰ бас директоры:

- Аталған орталықтың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының конференциясы аясында ашылуы маңызды деп санаймын. Себебі Қазақстан медициналық-санитариялық алғашқы көмектің дамуына елеулі ықпал етіп келеді. Бұл орталықтың жалпы дүниежүзіндегі технологияларды жүзеге асыруда ролі ерекше болады деген сенімдемін және мекеме қызметіне тек Қазақстан тұрғындары емес, көршілес елдер азаматтары да жүгінетіні анық.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Бұндай орталық біздің елімізде болған жоқ. Қазіргі таңда медициналық-санитариялық алғашқы көмекті халыққа көрсететін 6 мыңнан астам әртүрлі объектілер, ұйымдар бар. Сол ұйымдардың барлығының жұмысын ұйымдастыратын, ол бір қолдан стандарттарды, ережелерді, қалай жұмыс жасау жөніндегі әртүрлі алгоритмдерді методикалық шығару, оларды бүкіл республика бойынша енгізу осындай үлкен республикалық орталықты ашуды жоспарлағанбыз.