Абай облысында батырлар аллеясы ашылды

Республика күні қарсаңында Абай облысының Шар қаласында батырлар аллеясы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауған соғысы ардагерлеріне арнап стелла орнатылды. Аллеядағы ескерткіш тақтада осы өңірден екінші дүниежүзілік және Тәжік-Ауған соғысына аттанған 2500-ге жуық ардагердің есімі жазылған. Ұлттық мерекеге орай шаһардың өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматқа Жарма ауданының Құрметті азаматы атағы тапсырылды. Мешіт пайдалануға беріліп, ұлттық спорт түрлерінен ойындар ұйымдастырылды.

Нұрлан Траисбаев, Жарма аудандық Тәжік-Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Мына ескерткіш, бюст қойылған Пётр Карелин – Александр Матросовтың ерлігін жасаған біздің жерлесіміз. Бұрынғы Шар ауданынан, қазіргі Шар қаласынан 150-ден астам адам Ауғанстан жеріне барып, өздерінің әскери интернационалистік борыштарын өтеп келген болатын.

Жарқынбек Байсабыров, Жарма ауданының әкімі:

- Шар қаласын абаттандыруға қазіргі уақытта көңіл бөліп жатырмыз. Аудандық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, Республика күні аясында және Шар қаласының 60 жылдығы аясында орталық алаңда батырлар аллеясы және де орталық сахна ашылды. Осыдан былай да ары қарай жұмыстар жүргізілетін болады.