АМТ компаниясындағы барлық қызметкердің еңбек құқығы сақталады

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясындағы барлық қызметкердің еңбек құқығы сақталады.

Кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігі алдағы уақытта тек арта бермек. Бұл туралы комбинаттың жаңа басшысы Вадим Басин айтты. Ал Парламент Мәжілісінің вице-спикері Альберт Рау кеншілер мекеніндегі қайғылы жағдайға қатысты пікір білдіріп, алдағы уақытта апаттың алдын алу мақсатында өтемақы көлемін өсіру керек дейді. 

«АрселорМиттал Теміртау»-дың меншік иесі ауысқанымен, жұмысшылар алдындағы міндеттемелер өзгермейді. Еңбекақы төлемі мен әлеуметтік кепілдіктер толық сақталады. Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Вадим Басин осылай деді. Оның айтуынша, бірінше кезекте шахталарда еңбек қауіпсіздігін арттыру бағытында тиісті жұмыстар атқарылады.

Вадим Басин, Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары:

- Жұмыс жағдайы, еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктерде еш өзгерістер болмайды. Барлығы сақталады. Тіпті жақсара түседі десек те болады. Бұл – компанияның әлеуметтік жауапкершілігі мен ары қарай жұмыс істеуі үшін қажет дүние. Ұжымның бірде-бір мүшесі жұмыстан шығарылмайды, барлығының да құқығы сақталады.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының инвесторларымен ынтымақтастықты тоқтату процесі кәсіпорын қызметкерлеріне кесірін тигізбеу үшін мемлекет барлық міндеттемені өз мойнына алуы керек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің вице-спикері Альберт Рау айтты. Оның сөзіне сүйенсек, металлургиялық комбинаттың соңғы жылдары қордаланған мәселесі көп.

Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

- Шетелдік немесе отандық инвестор болса да, заң бәріне бірдей болуы керек. Батыс елдерінде осындай оқыс оқиға бола қалса, кәсіпорын бірден банкротқа ұшырайды. Қазір барлық қызметкер әлеуметтік жағынан сақтандырылған. Барлық шығын өтеледі. Сақтандыру қаржысы алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алатындай жоғары көлемде болуы қажет.

Мәжіліс депутаты Арман Қалықов кеншілер түйткілімен етене таныс. Ол Ленин атындағы шахтада біраз жыл жұмыс істеген. «Қайғылы жағдайларға байланысты шахтер мамандығының тартымдылығы азайып барады. Бұл салаға бару көпшілік үшін бұрынғыдай арман емес», - дейді Мәжілісмен.

Арман Қалықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мұндай ірі активті басқару тек мемлекеттің қолынан келеді. Өйткені «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының құрамында тағы 3 кәсіпорын бар. Осыған байланысты әр маман алдағы уақытта болатын еңбек тұрақтылығына сенімді болуы керек. Бұл – мемлекетке жүктелейін деп тұрған күрделі міндет.

Ендігі мақсат – өндіріс көлемі мен жұмыс орындарын сақтап қалу, техникалық қауіпсіздікті арттыру. Қазір «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын мемлекет меншігіне тапсыру бойынша заңдық тұрғыда ресімдеу жұмыстары жүріп жатыр.

Авторы: Мирлан Алтынбек.