Қорғас маңында заңсыз притон ұйымдастырғандар ұсталды

ІІМ

Ішкі істер министрлігі мен ҰҚК бірлесіп, «Қорғас шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» АҚ аумағында ұйымдастырылған заңсыз притондар мен казинолардың жолын кесті.

Polisia.kz сайтының жазуына қарағанда, тексеру аталған аумақтағы сауықтыру орталығы мен қонақ үй кешенінде жүргізілген.

Аталған әрбір нысан тәулік бойы жұмыс істеп, күзетпен және қатаң фейс-бақылаумен қамтамасыз етіліп, негізінен шетелдік азаматтарды ғана қабылдап отырған. Қылмыстық “бизнес” жоғары пайда мен құпиялылықты уәде ете отырып, Қазақстанның жас қыздарын алдап-арбау арқылы жыныстық құлдыққа тартуға бағытталған.

Жетісу облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және ҰҚКД 5 басқармасының қызметкерлері прокуратурамен келісе отырып, 5 негізгі фигурантты, оның ішінде екі шетелдік азаматты ұстады. Сондай-ақ интимдік қызмет көрсетумен айналысатын 18 жастан 36 жасқа дейінгі жалпы 21 адам жеткізілді, оның ішінде алтауы шетелдік әйел. Тінту іс-шараларының нәтижелері бойынша ақша, ойын автоматтары, покер үстелдері және басқа да заттай дәлелдемелер алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Жетісу облысының полиция департаменті жүргізеді, – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.