Батыстағы Жәнібек ауылында жол салынды

Батыс Қазақстан облысының шалғайындағы Жәнібек ауданына жол жетті.

Құрылысшылар жолдың соңғы шақырымдарына асфальт төсеп жатыр. Содан кейін бар күш-құрал Бөкей Ордасы бағытына жұмылдырылады.

Жәнібектіктердің бұған дейін көрген жол азабы енді артта қалмақ. Қазір Көлтабан ауылының тұсында соңғы 5 шақырымның астыңғы қабат асфальті төселіп жатыр. Құрылыс қарқынымен танысқан аймақ басшысы одан кейін бар күш-жігерді Бөкей Ордасына жұмылдыруды тапсырды. Ол жақта әлі 16 шақырым бар. 

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

-Бұл біріншіден Мемлекет басшысының берген тапсырмасы. Осы екі ауданға баратын жолды аяқтаймыз деген уәдеміз, соны аяқтауға тырысып жатырмыз. Үнемі айтып жүрмін биылғы жыл өте үлкен ауқымды жұмыс жасап жатырмыз. Оңай болған жоқ. 120 км барлығын аяқтайтын болсақ бір жылда жасап бітеміз. Бұған дейін білесіз 30 км-ден артық жол жасалған жоқ.  Енді азғана уақыт шыдаса, халық осы жолдың қызығын көреді деген ойдамын.

Шалғай аудандарға жол құрылысы 2019-да басталды. Барлығы 245 шақырымның бастапқы 4 жылда тек 125 шақырымы салынған еді. Ал биыл бір жылда бірден 120 шақырым жол салынуда. Бұған дейін қол байлап келген қиыршық тас, вагон мәселесі де шешімін тапқан.

Марат Махамбетов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ департамент директоры:

- Вагон, шебен. Ол қазір осы мәселелер шешіліп жатыр. Жәнібек-Өнеге-Бисен жолдарына Жәнібек стансасы мен Сайқын стансасы арқылы Ресейден алып отырмыз Ростовтан. Обухов пен Донской карьерден ресейлік шебенді. Инертті материалды цемент келіп жатыр. Ал бержағында юнисерв компаниясы қазір 3 состав жүр. Олар Оралдан бері қарай тасып жатыр.

Сондай-ақ келер жылы Хан Ордасы ауылына апарар 21 шақырым жолды да жөндеу жоспарда. Сонда тарихи мекенге ағылған туристерге тоқтау болмайды. Ал жалпы биыл өңірде 617 шақырым жолды жөндеуге  81 млрд теңге бөлінген.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов