Алматы тауларындағы заңсыз құрылыс бұзылады

Алматы тауларында заңсыз салынып жатқан үйлер сот шешімімен бұзылатын болды.

Қала құрылысын бақылау басқармасы заң талаптары мен құрылыс нормаларын сақтамай салынып жатқан 52 нысанды анықтады. Оның ішінде 20 нысанды толық немесе жартылай бұзу, учаскені бастапқы қалпына келтіру және нұсқаманы мәжбүрлеп орындауға қатысты сот шешімі заңды күшіне енді. Қалған 23 нысан бойынша қазір сот талқылауы өтіп жатыр. Ал, 9 ғимаратқа қатысты талап-арыз жазуға бастама көтерілді. Меншік иелері жобаны бекітпестен, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Заң бұзушылықтарды ерте кезде анықтауға не кедергі?-деген сауалға әкімдік өкілі былай жауап берді.  

Олжас Төлебаев, қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- 2016 жылдан бері Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы нысанға өз бетімен шыға алмайды. Оның алдында бізде тексерістің өзге түрі болатын. Біз ешқандай Құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасында жоспардан тыс тексеруді тіркемей өзіміз шыға бере алатынбыз. 2016 жылдан бері тексерістің өзге түрін алып тастады. Біз текқана тұрғындардың немесе жеке тұлғалардың немесе заңды тұлғалардың өтініштері негізінде ғана шыға аламыз.