Неміс тұрғындары үшін Қазақстан туризм жағынан тартымды ел

Статистика бойынша, былтыр Германияда 55 млн-нан астам адам сырт елдерге кемінде 5 күн саяхат жасаған.

Соның ішінде, Қазақстанға келуді жиілеткен неміс азаматтары да көп.

Еліміздің тарихы терең, табиғаты көркем. Төрін қонағына ұсынатын қонақжайлығы тағы бар.

Кристиан Гроссе Қазақстанға 6 рет саяхаттап келген. Әр сапардан түйген ойы мен алған әсерін мақала қылып үнемі жариялап та жүр. Әсіресе Шарын шатқалы қатты ұнады дейді.

Кристиан Гроссе, журналист, саяхатшы:

- Биыл жазда Астана, Алматы, Түркістан қалаларын саяхаттадым. Шарын шатқалы мен «Алтын емел» ұлттық паркінде болдым. Астанадағы көпшілікке белгілі «Байтеректі» көрдім. Байқағаным, Астана гүлденіп, бұрынғыдан да құлпыра түскен. Қазақстанға тағы бір сапар жоспарлап жүрмін.

Қазақстанның әсем табиғатына Зонгрит Деквитц те тәнті. Кең даласы мен жазиралы жайлауын өз көзімен көргенін ерекше мақтанышпен әңгімелеп берді. Сондықтан ол үнемі таныстарына дәл біздің елге саяхаттауға кеңес беретінін айтады.

Зонгрит Деквитц, дипломатиялық клуб мүшесі:

- Біз мұнда шексіз дархан даланы аралап, ат бәйгесін тамашалап, тұңғиық теңіздегі әсемдікке куә болдық. Қазақстанға саяхатым Алматыдан басталды. Сосын Астанаға бардым. Ол жақта құрылыс үлкен қарқынмен жүріп жатты. Екінші рет пандемиядан бұрын сапар шектім. Қазақстанның көз тартар сұлулығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Маған қатты ұнады.

Шетелдік туристер Қазақстанда жайлы орта, сапалы қызмет жақсы жолға қойылғанын айтады. Сондықтан болар, біздің елге табан тіреген мейман екінші рет келуге әркез ынтығып тұрады.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Шолпан Найманбаева