Шалқар ауылында оқушыларға арналған өнер мектебі ашылды

Алматы облысы Шалқар ауылында оқушыларға арналған өнер мектебі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Білім беру ұйымы орналасқан ғимарат бұрын жекенің меншігінде болған. Биыл аудандық әкімдік ықпалымен нысан мемлекет иелегіне қайтарылды. Енді ауылдағы балалар түрлі үйірмелерге қатыспақ.

Айша Өксікбай Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған соң ұстаздық жолға түсті. Шалқар ауылында өнер мектебі ашылғанына қуанды. Өзі аптасына 2 рет 15 шақырым жердегі Абай ауылынан келіп, балаларға фортепиано үйретеді. «Ауылда өнерлі оқушы көп. Солардың талабын шыңдап, талантын ашуға білікті ұстаздар келіп жатқанына ризамыз», - дейді ауыл тұрғындары.

Гүлнәр Құбашева, Шалқар ауылының тұрғыны:

- Қатты қуанып жатырмыз. Ауыл адамдары, балалары қуанышты. Өнерлі балалар біздің ауылда өте көп. Енді сол өнерлері дамып, әрі қарай білім алса керемет жақсы болады.

Мектеп 350 оқушыға арналған. Мұндағы жас өнерпаздар 17 бағытта қабілетін шыңдай алады. Атап айтқанда, фортепиано, домбыра, шаңқобыз, қолөнер, гитара, актерлік шеберлік сияқты өнердің түр-түрін үйренулеріне мүмкіндіктері бар. Мекемеде 65 мұғалім жұмыс істейтін болады.

Медет Уәлиханұлы, өнер мектебінің директоры:

- Жалпы қабылдау емтиханына 298 бала келіп қатысты. Оның ішінде 185 бала оң нәтиже көрсетті. Сонымен қатар Қаскелеңде бұрынна жұмыс істеп келе жатқан ақылы мектептен 120 бала бізге ауысып келді. Жалпы бүгінгі таңда 305 бала қабылданды.

Тағы бір айта кетерлігі, шағын өнер ордасында басқа елді мекеннің балаларына да білім алуға болады. Жақында ашылған №5 бағытта жүретін автобуспен Жандосов, Шамалған, Бекболат, Қайнар ауылдарының оқушылары күн сайын келіп, өнер үйренеді.

Авторлары: А.Садуақас, А.Дүйсембаев, А.Жөнкешов.