Қостанайдағы кітапханалар кәсіби маманға зәру

Қостанайдағы кітапханалар кәсіби мамандарға зәру, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір жұмыс істейтіндердің орта жасы 50-ді еңсеріп қалған. Ал жастар бұл салаға келгісі жоқ. Оның негізгі себебін олар еңбекақының және тәжірибенің аздығымен түсіндіреді.   

Рагүл Әмірханова – қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. 8 жылдан бері кітапханашы болып істейді. Қазір кітап пен оқырманның арасын байланыстыру терең білім, ізденісті, креативті шешімді қажет етеді дейді. 

Рагүл Әмірханова, кітапханашы:

- Біз әртүрлі проектілермен, әртүрлі клубтармен жұмыс жасаймыз. Әлеуметтік желілерде көп отырамыз. Бұрынғы кезбен қазіргі кезді салыстырғанда жұмыстың түрлерінде көп өзгерістер бар. Бізге жастар келетін болса, жақсы болар еді. Біз жастармен жұмыс жасасақ, жұмысымыз одан әрі алға басатын еді деп өзім ойлаймын.

Облыс орталығындағы кітапханаларда 50-ден астам адам жұмыс істейді.  Бірқатарының кәсіби білімі жоқ. Тығырықтан шығу үшін штатты гуманитарлық сала мамандарымен толықтыруға мәжбүр. 

Сәуле Әзімжанова, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Бізде кәсіби мамандар жетіспейді. Нақты кітапханашылар жоқтың қасы. Міне, осыған байланысты аталған мамандық иелерінің тапшылығы байқалып отыр. Бұл салаға белсенді, қабілетті жастар келгенін қалаймыз. Өйткені қазіргі кезде кітапханаларда негізінен орта жасқа келгендер жұмыс істейді.

Қалалық балалар кітапханасының оқырмандар саны 45 мыңнан асады. Оларға небары 7 маман қызмет көрсетеді. 2 жұмыс орны бос. Жастар келгісі жоқ. Мұндағы қызметкерлердің жасы 40-тан жоғары. Зейнет жасына таяғандар бар.

Мәриям Имақанова, кітапхана меңгерушісі:

- Бүгінгі күнде кітапханаға жұмыс істеуге жастар келіседі, 1-2 қыз істейді, сосын 1-2 айдан кейін қолымызға алатын жалақы аз дейді, жұмыс көп істеу керек деп, жастар тұрмайды.

Кітапханаға жастарды тартудың нақты бір бағдарламасы жоқ. Мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын кезең-кезеңмен көтеру міндеті аз да болса үміт отын жаққандай. Келер жылы ол 26%-ке өспек.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров.