Шамалған теміржол өткеліндегі көлік кептелісі азаяр емес

Себебі бекеттегі айналма жолдың құрылысы уақытында бітпеді.

3 жыл бұрын басталған жоба биыл аяқталуы тиіс еді. Жүргізушілер теміржолдан өту үшін сағаттап тосады. Жоба бойынша бұл жол Қарасай ауданындағы орман қорына тиесілі 700 метр аумақты басып өтеді. «Жер телімін инфрақұрылымдық мақсатқа пайдалану үшін құзырлы мекемелердің рұқсат беру процесі ұзаққа созылған. Одан бөлек, жеке тұрғын үйлерді сатып алып,  оларды сүруге де уақыт кеткен. Осының бәрі құрылысты тежеді, - дейді мамандар. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстарының 70%-і аяқталды. Айналма жол келесі жылы пайдалануға беріледі.

Нұржан Таңатаров, «ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Қазіргі кезде ұзындығы 350 метрлік эстакада салынып бітті. 45 мың текше метр бетон құйылды. 20 cуағар құбыр жүргізілді. Жолды жөндеу жұмысы жалғасып жатыр. Енді 120 мың тонна асфальт керек. Содан кейін жолдың жан-жағы қоршалады. Электр бағаналары мен жол белгілері орнатылады. Әзірге 2,5 шақырымға асфальт төселінді.