Қонаевтағы «Қарлығаш» шағын ауданының мәселесі шаш етектен

Қонаев қаласына қарасты «Қарлығаш» шағын ауданының тұрғындары «үш жыл бойы жарық пен сусыз отырмыз» деп шағым айтты.

Қала іргесіндегі ауданға инфрақұрылым неге жүргізілмей жатыр?

Айнұр Несіпбаева үй шаруасындығы әйел. «Қалаға қарасты шағын ауданда тұрсақ та, өркениеттен жұрдаймыз»,- деп шағымданды. Тұрмысқа қажетті суды сатып алып отыр.      

Айнұр Несіпбаева, қала тұрғыны:

- Міне, мынау соңғы суымыз. Күйеуім өстіп тасиды. Бутылкамен тасиды. Күйеуім жұмыстан келгенше өстіп күтіп отырамыз қашан келеді екен деп. Міне, соңғы су бітті. Су әне келеді, міне келеді деді. Әлі келген жоқ.

«Қарлығаш шағын ауданында жөнді жарық та жоқ. Аялдама да керек», -дейді тұрғындар. Ал кәріз жүйесін тарту жұмыстары аяқсыз қалған. Мердігер мекеме қазылған шұңқырларды көмбей, сол күйі тастап кетіпті. «Бұл маңнан көлік тұрмақ, адам жүре алмайды. Мәселені қала әкіміне сан мәрте айттық, бірақ нәтижие жоқ»,- деп налиды жұрт.    

Абдолла Тұрғанбаев, қала тұрғыны:

- Ренжитін нәрсеміз суды тартқанда да «Водоканалдың» өзіне беру керек та. Кейін мысалы өздері жауапкершілікке алады. Ол әркімге тендермен береді. Сырттың адамына береді. Ертең қалай болса солай жасайды да кетеді, біз шырылдап халық жүреді. Осы мәсеслені қолға алу керек қой.

«Гүлдер» және «Қарлығаш» шағын аудандарын сумен қамтып, кәріз жүйесін жүргізуге бюджеттен 430 млн. теңге бөлінген. Орталықтандырылған құбыр тартылғанымен, су әлі берілген жоқ. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары тоқтап тұр.

Асхат Жексембеков, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда мердігер ұйымның есепшоттары арестте тұр екен. Бағана өкілдерімен сөйлестім осы аптада шешіп, келесі аптада жұмыстарды бастаймыз деп хабарлады. Біз бұған дейін ол мердігер ұйымға екі рет талап арызбен сотқа жүгінген болатынбыз. Жұмыстарды бастау керектігі айтылған.

«Келісімшарт бойынша мердігер мекеме жыл соңына дейін кәріз құбырын тарту жұмыстарын аяқтауы керек. Егер іс бітпесе сотқа қайта арызданамыз»,-дейді әкімдік қызметкерлері.

Авторлары: А. Садуақас, А. Дүйсембаев