Әскери-теңіз күштері дронмен жабдықталады

Әскери-теңіз күштері суасты және әуеден шабуылдайтын дрондармен жабдықталады.

Күштік құрылымның бас қолбасшысы Сәкен Бекжановтың айтуынша, әлем елдерінде жүріп жатқан қарулы қақтығыстар бұл техниканың тиімділігін көрсеткен. Ақтаудағы әскери теңіз базасында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, теңізшілер алдағы жылға жоспар жасады.

Президент армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөнінде нақты міндет қойды. Осыған сәйкес әскери теңізшілер Каспийдің қазақстандық секторында дайындық деңгейін жетілдіруде. Биылдың өзінде бірнеше оқу-жаттығу өткізді. Зымыранды-артиллериялық кораблдерді жауынгерлік мақсатта қолдану іс-қимылдарын пысықтады. Айта кетерлігі, әскери кемелер мен жағалау инфрақұрылымын суасты диверсиядан және ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратынан қорғауға басымдық берілген.   

Сәкен Бекжанов, ҚР Қарулы Күштері ӘТК бас қолбасшысы:

- Ақтау және Құрық портының қауіпсіздігін, сондай-ақ Транскаспий дәлізінің қазақстандық бөлігі арқылы жүк ағыны кедергісіз өтуін әскери теңізшілер қамтамасыз етеді. Әлем елдерінде теңіз инфрақұрылымына террорлық шабуыл жасау жиілеп барады. Осы тұрғыдан жауынгерлік флот елімізге судан келетін қатерге кез келген уақытта қарсы тұруға дайын.

Әскери теңізшілер Каспийде бейсауат жүрген су көлігін тексеріп, апатқа ұшыраған кемеге көмекке барады. Күштік құрылым жағалаудағы стратегиялық нысандарды да күзетеді. Порттарға қауіп төнген жағдайда десанттық-шабуылдау тобы шұғыл әрекет етеді.

Теңіз десантшыларының күнделікті жаттығуы осылай өтеді. Ала жолақ жейделі матростар жағалау бойымен 10-12 шақырым жүгіреді. Одан әрі қарумен және атыс құралынсыз ұрыс тәсілдерін үйренеді.

Назар Назарұлы, теңізші:

- Бұрын Каспий теңізін тек қана теледидардан көретін едім. Қазір десантты-шабуылдау батальонында қызмет етіп жатырмын. Теңіздің жағасында жаттығулар өтеді күнделікті. Бұл алдағы уақытта бізге өз пайдасын тигізеді деген ойдамын.

Еліміздің теңіз әскерінде сүңгуірлер ротасы бар. Арнайы жасақ соңғы үлгідегі құралдармен жарақтанған. Мәселен, суда ауа көпіршігін шығармайтын оттегі баллонымен тыныстайды. Ол өз кезегінде жағаға бекінген жауға дыбыссыз жақындап, көзін жоюға мүмкіндік береді. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев