Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі

«Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз».

Мемлекет басшысы Жолдауында айтылған осы тапсырмаға сәйкес Қызылорда облысында 80 ойын алаңы салынған. Бұдан бөлек, Қазалы ауданында тағы бір ашық спорт кешені пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5 нысанның құрылысы аяқталады. 

Қазалының шет аймағында тұратын балалар тек мектептегі дене шынықтыру пәнінде ғана спортпен айналысатын. Өйткені спорт алаңдары тапшы. Ауданның 95 жылдығы аясында 20 миллион теңгеге ашық спорт кешені салынып, ауыл өрендері бұрынғыдай шаңның арасында емес арнайы алаңқайда асыр салып жүр.     

Блиц:

- Басқа жақтың осындай ойын алаңдарына қарап біз өте қатты қызығып, ойнағымыз келетін. Енді өзімізде де бар. Күнде достарымызбен доп болған жағдайда ойнаймыз. Көңілді әрі қызықты өтеді.

- Бұрын бізде мұндай футбол ойнайтын жер жоқ еді. Қазір баскетобол, волейбол ойнайтын жерсалып қойды. Қуаныштымыз. Мына жер айдала, канал болатын. Бәрін қоршап, түзулеп салып берді.

- Біздің үй жақта газон жоқ болғасын осы жаққа келіп ойнаймыз. Бұрында телефон қарап отыратын болсақ қазір күнде газонда ойнаймыз.

Мира Қазбекова, мәдениет және спорт басқармасының басшысы:

- Елді мекендердегі спорт нысандарының жүйесін арттыру 1-кезектегі халық талабы. Міне осыны орындау мақсатында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы және облыс бюджетінен тиісті қаржы қаралып, бүгінгі таңда 13 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осы нысандардың барлығы халық игілігіне пайдалануға берілген жағдайда 2025 жылға дейін бұқаралық спортпен шұғылданушылар көрсеткішін 50% арттырамыз деп жоспарлап отырмыз.

Бұрындары облыс пен аудан орталықтары ғана абаттандырылып, ауылдар назардан тыс қалатын. Қазір елді мекендер қайта түлеп, өзгере бастады. Сырдарияның арғы бетінде қалған Абай ауылына көптен күткен саябақ салынды. Жүздері бал-бұл жанып, томпаң қағып жүгірген балғындармен бірге күншуақта қауқылдасқан қариялар да тынымбаққа асығатын болған.    

Ақшагүл Қызылбай, Абай ауылының тұрғыны:

- Бұндай саябақ бұрын-соңды болған жоқ. Әйтеуір кішкене клуб бар соған балаларымыз барып уақыт өткізетін. Міне енді саябақ ашылады дегенді естіп үлкен қарттарға дейін қуанып жатыр. Келеді, демалады, балалар ойнайтын алаңдар болып жатыр. «Ер есімі – ел есінде» деп келіп ата-бабаларының есімдерін оқып кетсе де соның өзі үлкен құрмет.

Қазалы ауданының 95 жылдығы аясында Жалаңтөс баһадүр атындағы орталық саябаққа 95 түп көшет егілді. Мемлекеттік және жеке меншік әріптестік аясында бірнеше ауылдың аллеясы жаңғыртылу үстінде. Осылайша сырбойылықтардың өмір сапасын жақсарту мақсатында демалыс орындары көптеп салынбақ. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев