Жаңаарқа ауданындағы спорт кешенінің құрылысы қайта жанданды

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы біршама үзілістен соң қайта жанданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр қолға алынған жоба түрлі қаржылық қиындықтарға байланысты тоқтап қалған болатын.

Былтыр 2 облыс бөлінгенде құжаттық рәсімдеу ұзаққа созылып, жұмыс біраз кестеден қалып қойған. Дегенмен мердігер нысанның құрылысын келер жылы толық аяқтауға уәде беріп отыр.

Ілияс Амангелді, мердігер ұйым өкілі:

- Жұмыстың шамамен 60%-і бітуге дайын қалды. Қазір жылу тартамыз, іштің жұмысын бастаймыз. Артқы спорт кешенінің үстін жауып, толық қыста жұмыс жасай береміз.

Бірнеше блоктан тұратын көпфункционалды кешеннің аумағы 1 гектарға жуық. Мұнда спорттың барлық түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Көрермендер трибунасы да қарастырылады. Жоба құны – 906 млн теңге.

Аллаберген Қарабайұлы, Жаңаарқа аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

- Бұл жерде күрес секциялары, футбол, волейбол, баскетбол, үстел ойындары: теннис, шахмат, шашки ойындары ұйымдастырылады. Сонда бізде бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны әлдеқайда өседі деп есептеп отырмыз.

Жаңаарқада тұрғындардың бұқаралық спортпен шұғылдану көрсеткіші 30%-тен асады. Спортты серік еткендердің көбі аудан орталығында тұрады. Себебі ауылдық жерлерде спорттық нысандар аз. Сол себепті келер жылдан бастап ауылдағы ағайын үшін шағын орталықтар салу жоспарланған.

Аллаберген Қарабайұлы, Жаңаарқа аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

- «Ауыл – ел бесігі» бойынша бізде Ақтүбек селолық округінде үлкен спорт орталығын салу жоспарда. Одан кейін Қызылжар кентінде шағын кешен салу, Бидайық ауылдық округінде спорт кешенін салу жоспарда келесі жылдары.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы 2024 жылы аяқталады. Ал осыған дейін қолданысқа берілген тренажер залы мен жүзу бассейні көптің қажетіне жарап тұр.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.