Маңғыстаулық жүргізушілерге 2 млрд теңге айыппұл салынған

Ақтауда небәрі бір-екі сағаттың ішінде 10-нан астам көлік айыппұл тұрағына қойылды.

Осылайша тәртіп сақшылары айыппұл төлеуден жалтарған жүргізушілермен күресті күшейтіп отыр. Қарызы барлар "Сергек қорғау" бағдарламасы арқылы анықталды.

Маңғыстау облысының полицейлері жыл басынан бері борышкерлерден 2 миллиард теңгеден астам қаражатты бюджетке қайтарды.

Өңірде "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық шарасы басталды. Патрульдік полицейлердің 270-тен астам планшеті "Сергек" камераларына қосылған.

Нұрбек Насиханов, Жол-патрульдік полиция батальонының аға инспекторы:

- Бейнекамераға түскен автокөліктердің ішінде қарызы, айыппұлдары болса немесе кейбір жүргізушілердің сақтандыру полистерін жасамаған жағдайда камераның астынан өтсе, біздің программамызға карточкасын шығарып береді. Сол автокөлікке біз бақылау жүргіземіз. 

Жалпы аймақта тәртіп бұзушылар көбейіп келеді. Олардың ішінде тек көлік иелері ғана емес, қоғамдық орындарда алкогольді ішімдік ішу, мас күйде жүру, тыныштықты бұзу сияқты деректер де тіркелді. Ал жолда тәртіп бұзатындардың дені қымбат көлік иелері.

Рашад Байрамов, қала тұрғыны:

- Рейд кезінде мені тәртіп сақшылары тоқтатты. Менде 7 айыппұл бар екенін жеткізді. Мен қарызымды бірден сол жерде төледім. Қазір айыппұл тұрағынан көлігімді алып кетуге бара жатырмын.

Профилактикалық шара аясында бір күнде 11 көлік тоқтатылды. Жүргізушілердің жалпы берешегі 1 млн теңгеден асады.

Сүйін Құрмантаев, ПД басқарма бастығының орынбасары:

- Бізде отыздан астам автокөлік бар. Олардың әрбірінде оннан астам құқық бұзушылық бар. Олардың әрбіріне СМС хабарлама жібердік. Қазіргі таңда облыс бойынша 2 млрд 700 мыңнан астам айыппұл салынып, оның 2 млрд 250 мың теңгесі өндірілген.

"Құқықтық тәртіп" шарасы осы айдың соңында аяқталады. Жалпы маңғыстаулық тәртіп сақшылары тоғыз айдың қорытындысы бойынша айыппұл өндіруде республикада көш бастап тұр.

Абзал Балтабаев, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев, «Хабар-24», Ақтау.