Қостанай облысындағы елді мекендердің 96%-ы сапалы ауызсумен қамтылды

«Әрбір отбасы таза ауызсу, сапалы жол, жылдам интернет пен тұрақты ұялы байланысқа қол жеткізеді».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында осылай деген болатын.

Перзидент әсіресе елді мекендердегі инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударды. Ауылдарды 100 пайыз сапалы сумен қамтуды, республикалық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу міндетін алға қойған еді. Одан кейін бір жыл өтті.

Фурманов – Арқалықтағы тірек ауылдардың бірі. Мұнда 1500-ге жуық халық тұрады. Тұрғындар бұрын суды тасымалдап тұтынуға мәжбүр болған. Ал қазір өркениет игілігін көріп отыр.

Қадиша Ахметбекова, Фурманов ауылының тұрғыны:

- Пайдалануға суды котлованнан әкелетінбіз. Қазір жақсы енді су кіріп тұр үйімізге. Ешқандай проблема жоқ, Қалаға бармай отырғанымыз да сол әзірше ауылда тұрғымыз келеді. Осы жерде өсіп-өндік.

Ауылдағы ағайынның жағдайын жақсарту – Президенттің сайлауалды тұғырнамасының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай Қазақстанның барлық елді мекенін сапалы ауызсумен қамтуды тапсырған. Бүгінде бұл көрсеткіш 96 пайызға жетті.

Марат Иманалиев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі басқармасының басшысы:

- 2024 жылға министрлігіміз 20 жобаға 32 миллиард ақша көзделген. Солардың ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасы жобалары боп тұр. Одан басқа ұзаққа созылған құрылыстарды бітіру керекпіз. Қалған жұмыс істеп тұрған су топтық құбырларына реконструкция жұмыстарын бітіреміз.

Қазір тіршілік нәріне қатысты проблемаларды шешетін  Су кодексінің жаңа жобасы әзірленді. Енді 2025 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында сыйымдылығы 1700 миллион текше метр болатын жаңа 9 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Мұнан соң Ақтөбе,  Шығыс Қазақстан және Қарағанды аймақтарында 11 су қоймасын салу көзделді.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Елімізде 6295 елді мекен бар. 6295 елді мекеннің 4900-ден астам елді мекені сумен жабдықталған. Қалған 1395 елді мекеннің 400-ден астамына сумен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің 15 су қоймамыз бар. Және 3,5 мың шақырым су желілері қайта жөндеуден өтетін болады.

Жол мәселесі шешімін тауып жатыр

Елді мекендердегі қордаланған мәселелердің тағы бірі – жол. Елде автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырым. Оның 25 мыңы республикалық, 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Бүгінгі күні 6,5 мың шақырым тасжолы жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 500 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Ғабит Шымырбаев, ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитеті басқармасының жетекшісі:

- Жерігілкті жолдарда 4 мыңнан астам учаскеде жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның 3600 шақырымы биыл пайдалануға берілетін болады. Жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайлары 85-тен 87 пайызға өсетін болады. Яғни биылғы жұмыстардың қорытындысы бойынша.

Ал республиканың 8 мың шақырым күре жолы мобильді интернетпен қамтылған. Ол жолдардың 30 пайызы. Енді 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 процентке жеткізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Альмира Оразбай, Бағдат Қайыркен