Талдықорған қаласының бас жоспарына түзету енгізіледі

Бұл мәселеге қатысты қалалық және облыстық мәслихаттың оң шешімі алынды.

Жетісу облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы қаланың жаңа бас жоспарын әзірлеуге конкурс жариялады. Алдағы уақытта облыс орталығындағы 12 саяжай қоғамына тұрғын үй алабы мәртебесі беріледі. Бұл туралы бүгін жергілікті БАҚ өкілдерімен сұхбаттасқан Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл мәлімдеді. Ол брифинг барысында қаладағы саябақтар мен субұрқақтарды, смарт аялдамаларды 5 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беруді ұсынды.

Шыбық шаншысаң, жайқалып өсіп тал болған Талдықорғанда мыңдаған жасыл желек судан қаңсып, қурап қалды. Шіліңгір шілденің ыстығында субұрқақтар істен шығып, бюджет қаржысына салынған смарт аялдамалар жіті бақылаудың жоқтығынан бүліне бастады. Қала басшысы бұл түйткілді шешудің бірден бір жолы – аталған нысандарды 5 жылға сенімгерлік басқаруға беру деп есептейді. Талдықорғанда жыл басынан бері жалпы аумағы 116 мың шаршы метр үй тапсырылды. Дегенмен, қалада 16 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр.

Ернат Бәзіл, Талдықорған қаласының әкімі:

- 2 мыңнан астам пәтер биылға біз өткізіп жатырмыз. Осы көрсеткішті біз жылда түсірмесек, мысалы жылда 2 мыңнан астам пәтер өткізіп отырсақ, біз 3-4 жылдың ішінде кезекті қысқартамыз деп жоспарлап отырмыз.

«Талдықорғанда әлеуметтік осал топтағы бір тұрғынның кезекпен үй алуы үшін шамамен 10-13 жылдай уақыт кетеді. Ол, әрине, әділетті емес», – дейді қала басшысы. Оған кезінде 1200-ден астам пәтердің заңсыз үлестірілгенін қосыңыз. Соның тең жартысынан астамы бүгінде тұрғын үй комиссиясының және сот шешімімен заңдастырылды. Мемлекеттен өзіне тиесілі 10 сотық жерін ала алмай жүрген тұрғындардың саны 45 мыңға жетіп қалды. Сол себепті жергілікті атқарушы билік өкілдері қаланың бас жоспарына түзету енгізу туралы ұсыныс жасады.

Ернат Бәзіл, Талдықорған қаласының әкімі:

- Жеке тұрғын үй, ИЖС дейміз ғой, ондай жерлер болмайды жаңа ген. план бойынша. Тек қана көпқабатты, 3 қабаттан бастап 12 қабатқа дейін, 16 қабатқа дейін де мүмкін енді жаңағы сесмикасы рұқсат берсе сондай үйлерді саламыз деп жоспарлап отырмыз.

Райхан Бақберова, "Үйтас" саяжай аумағының тұрғыны:

- Саяжайымыз қазір бұрынғымен салыстырғанда көп өзгерді. Мысалы бізге биыл ауызсу, газ, жол, барлық жағдайымыз халыққа жасалып тұр. Бізге ауылдың статусын берсе екен деп ойлаймыз.

Саяжайларға тұрғын үй алабы мәртебесі берілуі арқылы онда әлеуметтік нысандар салу мәселесі оңтайлы шешіледі. Облыс орталығы тұрғындарын газдандыру көрсеткіші 58 пайызға жетті. Алдағы жылы Мойнақ ауылына көгілдір отыр беріледі.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов