Түркістан облысында заманауи спорт кешені салынып жатыр

Түркістан облысының Ордабасы ауданында 250 орындық заманауи спорттық-сауықтыру кешені салынып жатыр.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясындағы жоба халқы тығыз орналасқан Темірлан ауылында бой көтеріп келеді.

Қазір 1,5 гектар аумақтағы екі қабатты кешеннің қабырға тіреулері құйылып жатыр. Мамандар биыл төбесін жауып, қыс бойы ішкі жұмыстарын жүргізбек. Ауыл тұрғындары балаларымыз мектеп қабырғасында емес, енді заманауи құрылғылармен жабдықталған спорт кешенінде жаттығады деп қуанып жатыр.

Жалғасбек Омаров, Темірлан ауылының тұрғыны:
- Бірінші рет салынып жатыр жақсы спорт кешені. Бұрынғылары стадион есебінде кетті. Мынау енді балаларды қамтитын үлкен кешен болып жатыр. Рахмет бәріне. Немерелеріміз, шөберелеріміз осы жерде білім алады, ойнады. Осындай нысандар көбірек салына берсе, жаман болмаймыз. Немерелеріміздің бәрі спорт жағынан жақсы өмір сүреді деп ойлаймын.

Мұнда ауыл балаларының спорттың бірнеше түрімен кәсіби тұрғыда айналысуына мүмкіндік жасалады. Бокс, күрес үйірмелері жұмыс істейді. Одан бөлек, футбол мен баскетболға арналған алаңдар жасақталады. Сала мамандары жекелеген және командалық спорт түрлерін дамытуға күш саламыз деп отыр. Жоба құны – 1 млрд 33 млн теңге.

Олжас Болатханұлы, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары:
- 2023 жылға қаралған қаржысы 459 млн теңге. Алдағы 2024 жылы осы нысанды пайдалануға береміз деген жоспарымыз бар. Одан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 нысан жүзеге асырылуда. Ол – Қажымұқан мұражайы, Бадам ауылында 300 орындық осындай спорт кешені түсуде. Нысанның барлығы 2024 жылға өтпелі.

Ауыл спортын дамыту үшін «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында өңірдегі 16 ауданда қажетті алаңдар мен жабық түрдегі ғимараттар бой көтеруде. Бұдан бөлек жыл басынан бері 29 нысан жеке инвестициялардың есебінен салынды. Жалпы өңірде 4 674 спорт нысаны бар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш