Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы ұстаздар әулеті

Төрт ғасырға ұласқан мамандық. Түркістан облысының Сарыағаш ауданында бір отбасының бірнеше буыны өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған.

Ұстаздық етуден жалықпаған Қабыловтар әулетінің жалпы педагогикалық еңбек өтілі - 395 жыл.

Жәмила әженің жасы 85-те. Кезінде колхоздың балаларына арнап үйден бала-бақша ашып, өзі сонда меңгеруші болған. Бір қызығы 8 перзентінің барлығы ұстаздық жолды таңдапты. Бүгінде олардан 30 немере, 68 шөбере сүйіп отыр. Олардың да дені шәкірт тәрбиесімен айналысады.

Жәмила Қабылова, ардагер ұстаз:

- Осыларды оқыттық әйтеуір. Әзір барлығының беталысы жаман емес. Екеуі завуч болса, біреуі директор. Сөйтіп істеп жатыр. Енді әрқайсысына жол тілеп, батағып отырамын.

Әулеттің тұңғышы Фарида Дабылқызы бүгінде ауыл мектебінде шәкірт санасына білім нәрін құйып жүр. «Мұғалім – ұлы мамандық, ұлттың тәрбиешісі» деп біледі.

Фарида Дабылқызы, әулеттің үлкен қызы:

- Егер біз өзіміз әр баланы кішіпейілділікке, сыпайылыққа, ізеттілікке, бауырмалдыққа тәрбиелейтін болсақ, біздің болашағымыз жарқын болатынына мен сенемін.

Жәмила әже 11 жыл бойы 4 келінін бір шаңырақтың астында ұстаған. Төртеуі де мұғалім. «Осы уақытта келіндерім бірде-бір рет араздасқан емес», дейді қарт ана. Оның сырын өзі мамандықтарымен байланыстырады. Келіндері үй шаруасына да, жұмысына да үлгереді.

Гүлбахира Қабылова, әулеттің келіні:

- Таңертең ертерек тұрамыз, сағат 6-дан бастап, осы малдарға қараймыз. Сауамыз, айран-сүтімізді жайғастырамыз. Үлгеремін деген адам үлгереді бәріне.

Бір әулеттен 22 мұғалімнің шығуы шынын да таңғаларлық жағдай. Олардың жалпы еңбек өтілі - 4 ғасырға жуықтайды. Осы уақыт ішінде мыңдаған баланың шырағын жағып, тұлға болып қалыптасуына үлес қосты. Бұл әулет мұғалім мамандығын мақтан тұтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш